Шетелден тауар импорттаған кәсіпкерлер мемлекетке 107 млрд теңге қарыз болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелден тауар импорттаған кәсіпкерлер мемлекетке 107 млрд теңге қарыз болып шықты

22.09.2022

Жылына 200 млрд теңге салық түспейді 

Шетелден тауар импорттаған кәсіпкерлер мемлекетке 107 млрд теңге қарыз болып шықты. Қытаймен арадағы саудада ақша айырмашылығы былтыр 5,7 млрд долларға жеткен. Тоғыз ай бұрын Президент шекарада тәртіп орнатуды тапсырды. Жағдай қалай өзгерді? Заңсыз сауда жасағандардан қанша қаржы өндірілді?

Кәсіптегі таза табысын «көлеңкеде» басып қалатындар азаймай тұр. Тіпті тауар бағасын кеденнен әдейі арзандатып өткізу – олар үшін қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Әсіресе Қытаймен арадағы шекарада. Екі елдің сауда статистикасы екі түрлі. Мемлекеттік кірістер комитеті тексеру жүргізіп, кәсіпкерлердің 107 млрд теңге қарыз екенін анықтады. Әзірге шамамен 60 млрд теңгені бюджетке қайтарған. Жауаптылар қалғанын мәжбүрлеп өндіріп алуға кірісті.

Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

Кедендік құны неғұрлым төмен болған сайын, соғұрлым оған есептелетін салық та төмен болады. Осы жылдың басынан бастап 8 мыңға жуық тауар позициясы бойынша олардың бағасын нақтылап, бекіту жұмысы жүргізілді. Яғни енді импорттаушылар ол бағадан төмен бағаны көрсете алмайды.

Экономикалық зерттеу институты кедендік салыққа қатысты талдау жүргізген. Мамандардың дерегінше, Қытайдан импортталатын тауардан бюджетке жылына 200-300 млрд теңге түспейді. Экономист Ернар Серік бұл ақшаны мектеп салуға кететін шығынмен салыстырды. Демек, 2 млрд теңгеге бір мектеп салынса, Қазақстан жылына 100 мектептің ақшасын кедендегі заңсыз әрекеттен жоғалтып отыр.

Ернар Серік, Экономикалық зерттеулер институтының маманы:

Сонымен бірге төмен сапалы киімдер алып келуі мүмкін. Ойыншықтар балалар денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Бұл тікелей емес әсері. 7 ай бойынша статистика шықты. Жетінші айдың көрсеткіштері көңіл толтырарлық емес. Шілде айының көрсеткіштері бойынша қайтадан 48-50 пайызға көбейіп кеткен. Себептері Қытай экспортының өсуі де болуы мүмкін. Шілдеде Қытай өз тарихында рекордтық экспортты көрсетті – 300 млрд доллар бір айда тауар экспорттады.

Ақерке Бектас, тілші:

Арадағы ақшаны өзінен өзгесі көрмеген соң, уысында кеткені ресми статистикадан әлдейқайда көп. Сондықтан мамандар Қытаймен сауда-саттық туралы ақпарат алмасу ісіне немқұрайлы қарамауға шақырады. Көлеңкелі айналымның кесірінен тек бюджетке ақша түспей отырған жоқ. Бұл нарықта адал бәсеке орнатуға да кедергі. Арзан бағамен тауарды заңсыз импорттайтындар адал кәсіпкерлердің ісіне қолбайлау болып отыр.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу