Америкалық «The National Interest» журналы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалық «The National Interest» журналы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын жариялады

15.09.2022

Онда Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің мақсаты туралы жазған. Президент атап өткендей, қазіргі күрделі жағдайда мемлекеттер арасында кедергілер туындатқаннан гөрі байланыс орнату қажет.

«Біздің сеніміміз бейбітшілікке ұмтылыс кезінде шешуші рөл атқарды. Жанашырлық, әлеуметтік әділдік және адамгершілік секілді құндылықтар бәрімізге ортақ. Әлемде бейбітшілік орнату үшін бұл өте маңызды. Қазіргі жаһандану кезеңінде түрлі қайшылықтарға қарамастан, қалыптасқан келіспеушіліктерді еңсере аламыз» деп жазды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, діни әртүрлілік бірліккке кедергі бола алмайды. Мақалада Президент аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалыпқа келтіру үшін дін көшбасшылары ортақ ұйғарымға келеді деп сенеді. Және осыған күш біріктіреді деп үміттенеді.

«Қазақстан форумды ұйымдастырушы ел ретінде осы басымдықтарды қолдайды. Еуразияның жүрегінде сенім орнату өте маңызды. Қазіргі күрделі жағдайда біз кедергі емес, мемлекеттер арасында көпір болуға тырысуымыз керек. Қандай да бір келіспеушілігі бар тараптарды біз келіссөз үшін Қазақстанға шақырамыз. Зорлық-зомбылық пен жеккөрушілік – Жаратушының қалауы емес» деп жазды Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев дін көшбасшылары съезінде «Қазақ жері - Батыс пен Шығыс арасындағы көпір» деп айтқан болатын.


Хабарламаларға жазылу