Президент өз Жолдауында еліміздегі ішкі жолдардың 95 пайызын жақсартуды тапсырғаны белгілі. Мұның шарапаты жол азабын тартып келе жатқан мыңдаған тұрғынға тиері анық. 30 жылдан бері тақтайдай тегіс жолға қолы жетпей келе жатқан Екібастұз өңіріндегі Ақкөл-Жайылма жұртшылығы да бүгінде үмітін үкілеп отыр. Жуырда қаламен екі ортаны жалғайтын 90 шақырым топырақ жолға асфальт төселеді. Ол үшін бюджеттен 900 млн теңге бөлінеді.
Өткен ғасырдың 80 – ші жылдары салынған мына жолды жағалай үш ауыл отыр. Бір мыңға тарта тұрғын бар. Екібастұзға дейінгі аралық 90 шақырым. Жазда жаңбыр жауып, қыста боран соқса орталықпен қатынас үзіледі.
Дүйсенбек Оспанов, ауыл тұрғыны:
Бір жазда жазғы доңғалақтың 4-5-і кетеді. Қысқы доңғалақтың 1-2 кетеді. Енді есептеңіз, бүгін дөңгелек 30-40 мыңға кетті. Сонда қаншама кетіп жатыр.
Тәуелсіздік алғалы Екібастұзда 10 әкім ауысты. Бірақ бірде-бірі Ақкөл-Жайылма жолын салам деген уәдесін орындаған жоқ. Президенттің пәрменінен кейін ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселе шешімін тапты.
Нұргүл Қайырденова «Әділдік жолы» РҚБ ПОФ жетекшісі:
Қазақстан жолдарының 95 пайызы жақсы болуы керек, жоғары сапалы болуы керек деген тапсырма берілді. Себебі ауылды қалаға, қаланы ауылға жақындататын осы жол. Жол болмаса бизнес те жоқ, жол болмаса қарым-қатынас та жоқ. Ол халықтың қалтасына үлкен ауыртпалық түсіріп отыр.
Аз уақытта «Ақкөл-МАЭС-1-Басқамыс» бағытындағы жолға асфальт жамылғы төсеу жобасы бекітіліп, Республикалық бюджеттен 2 млрд 200 млн. теңге қаржы бөлінді. Жоспар бойынш жол үш жылда салынып бітуі тиіс.
Нұрқабиден Бейсенбаев, Екібастұз қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
Халық алдында кездесу болған кезде бізге ұят. Бұрын ақша жоқ дедік, жоба жоқ дедік. Бәрі бар осы күні. Бірақ мердігер болмай тұр. Биылғы жылға бөлінген ақша – 900 млн. Қыркүйек айына 350 млн ғана ақша қойып отырмыз. Соған қанша істейді, сол 350 млн-ға, әрі қарай табиғатқа, ауа райына қарап, егер күн суып кетсе онда жұмыс жүрмейді, тоқтатылады.
Ақкөл-Жайылма – тарихи құндылықтарға бай мекен. Алты алашқа мәлім болған Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің ұстазы Исабек ишанның кесенесі тұр. Көне түркі заманынан басталып, Алтын ордаға ұласқан, одан Қазақ ордасына жалғасқан ұлы тарихымызды айқындар жәдігерлерде бар. Яғни жол түзелсе туризм түлемек.
Болат Аманбаев