Қостанай облысында 100-ден астам үй өртеніп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 100-ден астам үй өртеніп кетті

04.09.2022

Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланды. Өңірде 43 мың гектар орман, 98 тұрғын үй өртеніп кеткен.

Алдымен қаладағы қару-жарақ дүкені отқа оранған еді. Қызыл жалын жақын маңдағы техникалық қызмет көрсету бекеті мен 8 үйдің шатырын шарпыды. Осы оқыс оқиғадан 7 адам зардап шегіп, бір адам қаза болды. Іле-шала Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы ауылының маңынан орман өрті лап етті. Аптап ыстық пен қатты соққан жел отты өршітіп, ақыры оның аумағы 43 мың гектарға жетті. Бірнеше ауыл от құрсауында қалып, жүздеген адамның баспанасын тілсіз жау жалмады. Оқыс оқиға жайлы Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

Мына сұмдық кадрлар күні кеше түсірілген. Орман ішіндегі Аманқарағай ауылына кешкі бестер шамасында өрт лап қойып, үйлер бірінен соң бірі шырпыша тұтанып жана бастаған. Аптап ыстыққа ұйтқи соққан қатты жел қосылып, оттың жолына тосқауыл болуға мүмкіндік бермеді. Өрт құрсауында бес елді мекен қалды. Осы ауылдарда тұратын 2 мыңға жуық адам қауіпсіз орындарға жеткізілді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Екатеринбург – Алматы халықаралық жолының Қостанай қаласы мен Әулиекөл ауданының арасын жалғайтын бөлігі. Күні кеше осы жолдың бойында жасыл желек жамылған қарағай мен қайыңдар көз тартып тұрғна еді. Бүгін қара күйеге айналды. Тілсіз жау 43 гектар орманды отаған. Қызыл тажал бірнеше елді мекенді де шарпып өтті.

Өрттен ең қатты зардап шеккен Аманқарағай ауылы. Мұнда 98 тұрғынүйдің толық жанып кеткені мәлім болды. Жүздеген адам баспанасыз қалды. Оттың жылдам тарағаны сондай адамдар үйлерінен ештеңе алып шыға алмаған. Кешегі көріністі үреймен еске алады.

Айгүл Кәрімова, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

Сағат бес кезінде естідім. 6-7 де келгенімде өте қиын екен жағдай. Қып-қызыл боп жанып жатыр мына жер. Үйімізге бара алмадық. Газ балондар жарылып жатты. Албары кетті бір көршімнің. Бір көршімнің дүние мүлкі түгел кетті. 2-3 үй ғана аман қалдық.

Баспанасы аман қалдғандардың қора-қопсысын от жалмаған. Енді бірінің техникасы, малы өртке жұтылыпты.

Құрманғазы Жаманов, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

Соғымға соямыз деп отырған екі сиырым өлді. 450 мың теңге ғой әрқайсы. Сонда 900 мың теңге шығын.

Жағдай ушыққан бетте Қостанай облысына төтенше жағдай министрі Юрий Ильин келді. Жедел штаб құрылды. Тілсіз жаумен күреске еліміздің өзге өңірлері мен қалаларынан әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері жетті. Автокөліктердің сыртында өрт сөндіру пойыздары, ұшақтар, тікұшақтар жұмылдырылды.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Көрші облыстардан көмек келді. Уақытында. Көмектесіп жатыр. Басты мақсат адамдардың өмірін сақтау.

Төтенше жағдай министрі мен аймақ басшысы бір күнде бар жиған тергенін айрылып, уақытша паналау орындарына жеткізілген тұрғындармен жүздесті.

Қиын кезеңде қалың ел де бірлігін көрсетті. Жер –жерде өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтары құрылды. Солар арқылы мұқтаждарға азық-түлік, күнделікті өмірде қажетті тұрмыстық заттар жеткізілді.

Айбек, Таңатбаев, ерікті:

Ағаларымыз бастап, камазға тиеп, жалпы қоры 60 отбасыға жететін азық әкелдік. Мұның ішінде қант, шәй, май, балаларға тәтті сусындар да бар.

Бүгін жағдай айтарлықтай тұрақталды. Дегенмен алапат өрттің қоңырсыған қоламтасы әлі өшкен жоқ. Сондықтан қауіп сейілді деуге әзір ерте.

Хабарламаларға жазылу