Болашағы жоқ ауылдан құжаты жоқ үйге көшіп келді. Қарағанды облысының Ақтоғай ауылындағы 8 отбасы 10 жылдан бері әкімдік берген баспананы заңдастыра алмай жүр. Ол аздай, мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерің қабырғалары жарылып, едені шіріп жатыр. Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтап көрді.
Аудан орталығы Ақтоғай ауылында мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сиқы осы. Сыз тартқан қабырғалары жарылып, едені шіріп жатыр. Жөндейін десе, үйдің құжаты жоқ.
Ермек Байжігітов, ауыл тұрғыны:
Үйдің құжаты жоқ. Атымызға аумағаннан кейін мұны қалай жөндейміз мысалы. Былай өзіміз үшін шіріп кеткен жерлерін жөндейміз. Енді қазір өзімде жұмыс та жоқ. Көшіріп әкелгенде ойбай қатырамыз, жұмыс тауып береміз деген.
Ақтоғайдағы 8 үйге 2012 жылы болашағы жоқ шалғай ауылдардың тұрғындары көшірілген. Алайда оларға әлі күнге дейін баспана құжаты берілмеген. Әу баста 5 жыл бойы жалдау құнын үзбей төлесе, кейін баспана меншікке өтеді деген келісім болған.
Меруерт Қауымбекова, ауыл тұрғыны:
Бес жылдан кейін документін береміз деді, оған дейін арендасын төлеп тұрасыздар деді. 2012 жылдан бері неше жыл болды, әлі алған жоқпыз документін. Документтен бұрын құлап қала ма деп алаңдаймыз ғой. Болотаға салынған үй ғой. Қабырғалары айырылып жатыр былай.
2015 жылы электронды форматқа көшкен кезде бұл баспаналардың біраз құжаты болмай шығады.Сөйтсе, жауапсыз мамандар жоғалтып тастапты. Құрылыс бөлімінің мамандары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырмаған. Оның үстіне екі пәтерлі үйге бір жер актісі, бір техникалық құжат берілген. Ал қазіргі талап бойынша әр пәтерге жеке жасалуы тиіс.
Қайрат Қошантаев, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
Қабылдау актілері жоқ. Ал ХҚКО қабылдау актісіз үйді қабылдамай отыр. Соған байланысты біз қабылдау актілерін сотқа беріп, тұрғындарды қатыстырып, салған мердігерлерді қатыстырып, солармен жаңағы қабылдау акітісі бар деген құжаттарды алып жатырмыз. Архивтен арнайы анықтама алдық.
4 жыл бұрын «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасымен мұнда тағы екі үй салына бастаған. Сол жылы кезекте тұрған мұқтаж отбасыларына тапсырылу керек еді. Бірақ мердігер жұмысты аяқсыз қалдырып, қараусыз ғимарат қазір қирап жатыр. Екі үйдің құрылысына бөлінген 30 миллионның 11 миллион теңгесі игерілген. Енді сот үкімі әкімдіктің пайдасына шешілсе, басқа тендер өткізіп, құрылысты жалғастырады.
Руслан Нұрланұлы