Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласын дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту секілді бірқатар жоспарлармен танысты. Аймақты дамыту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді.
Мына кешенді шаруашылық небары екі жылда салынды. «Агро Трейд ПВ» серіктестігі 1700 гектар суармалы жерге картоп егіп, мал азығына қажет жем-шөп әзірлейді. 10 мың тонналық көкөніс қоймасы салынған. 1200 сиыр сауылатын сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл мемлекеттік бағдарламаның арқасы - дейді фермер.
Қуаныш Темірғалин, шаруа қожалығының басшысы:Аграрлық несие коропорациясынан 7 млрд 600 млн теңге несие алдық. Мемлекеттің көмегінің арқасында біз осы жобаны іске асырып жатырмыз. Қараша айынан бастап жергілікті нарыққа сүт шығара бастаймыз. Салынған қаржының қайтарымы 7 жыл деп жоспарлап отырмыз.
Аймақта осындай 8 ферма салынып жатыр. Олардың бәрі сапалы мал азығын дайындау үшін суармалы егістікпен айналысады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Тамақ өнімдері бағасының өсуі аясында бүкіл әлемде заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға баса назар аудару керек. Мұндай жобаларды басқа өңірлерде де қолға алу қажет деп санаймын. Мемлекеттік қолдау арқасында бұл үлкен әлеуметтік және экономикалық нәтиже бермек.
Премьер Министр фермерлер мен қожалық басшыларымен кездесті. Тұқым шаруашылығын субсидиялау, техника мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, мал шаруашылығын дамыту және құс өсірушілерді қолдау мәселелері талқыланды. Әлихан Смайылов облыс басшылығына бұл мәселелерді бақылауда ұстауды тапсырды.
Қазақстан электролиз зауыты жылына 250 мың тонна ақ қалайы шығарады. Өнім негізінен экспортқа шығарылады. Өндіріс өркен жайған өңірде бұндай кәсіпорындар баршылық. Бірақ экология мәселесі де өзекті болып тұр. Жыл сайын 730 мың тоннадай өндірістік қалдықтар жинақталады. Үкімет басшысы мәселені кешенді түрде шешу керектігін қадап айтты.
Жаңа оқу жылы таяп қалды. Өңірде 46 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Олардың 8-і дайын. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту бағасы биыл 315- тен 450 теңгеге өсті. 1-қыкүйектен бастап мектептерде кәсіби бағдарлау мамандары жұмыс істейтін болады. Бұл мақсатта 338 педагог-психолог қайта даярлаудан өтті. Жыл соңына дейін Павлодарда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған екі арнайы мекеме ашылады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:Биыл 225 жаңа мектеп ашылады. Соның 5-і Павлодар облысында. Бұл жұмысты біз ары қарай жүргіземіз. Жалпы, қаржыландыру едәуір өсіп келеді. Мысалы, Павлодар облысында соңғы үш жылдың ішінде білім беру саласына бөлінген қаражат көлемі 3 есеге өсті. Педагоктарымыздың жалақылары әлі де өсуде. Жыл сайын 25 пайызға. Тиісті қаражатты біз Республикалық бюджеттен қарастырып бекітіп қойдық.
Павлодар мұнай-химия зауытында кідіріс жоқ. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бірақ көктемгі егіс пен күзгі орақ басталса болды жанар-жағармай жетпейді немесе баға шарықтай жөнеледі. Мәселенің алдын-алу үшін үкімет тарапынан нақты шара қабылданбақ.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:Бізде дизель отыны мен бензин транзиттік транспорт арқылы көрші елдерге кетіп жатыр. Сондықтан жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін арнайы шешім дайындап жатырмыз. Келесі аптадан бастап күшіне енеді. Яғни, ішкі тұтынушылар үшін баға тұрақты болады. Ал, шет мемлекеттерден келген көліктерге басқа баға. Олар өздерінің елдеріндегі бағамен сатып алады. Көрші елдерде қазір қандай баға тұр сол бағаны қоямыз.
Сапар соңында үкімет басшысы аймақты кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Болат Аманбаев