«Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысымен Міржақып Дулатұлы туралы телехикаяның түсірілімі басталды. Тарихи туындыда Алаш қайраткерінің ұлт мүддесі жолындағы ерен еңбегі мен қилы тағдыры суреттеледі. 6 бөлімнен тұратын сериалды былтыр «Ахмет. Ұлт ұстазы» хикаясын түсірген шығармашылық топ қолға алды.
Түсірілімнің алғашқы күні. Мазмұнды һәм жауапкершілігі мол жоба болғандықтан, көпшіліктен қобалжу байқалады. Алаш алыптарын сомдайтын актерлар соңғы дайындығын пысықтап алып, алғашқы сахнаға кірісті.
Қараңғы, тас қапас. Бұл - Семей түрмесі. Аштық заманында халыққа жәрдемдесемін деген Міржақып, Әлихандар тұтқындалады. Бұл сахна сол 1922 жылғы тергеудің атмосферасын суреттейді. Темір тордың ар жағындағы өмірді бейнелейтін түсірілім орны - Алматының бұрынғы тергеу изоляторы. Күн-түн түсіру тобының жұмысы қауырт.
Телехикаяда Міржақыптың қоғамдық-саяси қызметі, сол дәуірде басты ұранға айналған «Оян, қазақтың» шыққан уақыты көрсетіледі. Сонымен қатар, Алашорда кезеңі мен Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі ұлт зиялыларының қудалауы суреттеледі. Басты рөлдегі актер - Бақыт Қажыбаев.
Бақыт Қажыбаев, Міржақыптың рөлін сомдайтын актер:
Міржақыптай тұлғаны сомдау үшін үлкен дайындық қажет етеді. Барынша дайындалуға тырыстым. Әлі де күмән өте көп. Зерттейтін тұстары өте көп. Бұл енді съемка барысында режиссермен ақылдасып отырып, әңгімелесе келе тағы да көбірек дайындық болады деген үміт бар.
Бұл сериал – «Ұлт ұстазы. Ахмет» телехикаясының параллелі іспетті. Бұл туындыда да Әлихан Бөкейханның рөлін Бауыржан Қаптағай, Ахмет Байтұрсынұлын Байғали Есенәлиев сомдайды. Фильмге дайындық сәуірден басталды. Деректер зерттелді, естеліктер оқылды, мамандар тарихқа үңілді. Бұл ретте, сирек қолжазбалар қорынан 1910 жылы шыққан «Оян, қазақ» кітабы алынған. Оның көшірмесі жасалып, телехикая арқылы көрерменге ұсынылмақ.
Мұрат Есжан, «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының режиссері:
Міржақып Дулатұлының басқа Алаш қайраткерлерінен ерекшелігі десе де болады, ол кісінің өзінің туған қызы Гүлнар Дулатова бертінге дейін біздің арамызда өмір сүрді. Өте мол мұра қалдырып кетті артына. Тек әкесі туралы емес, барлық алашордашылар жайлы. Бізге біраз қазына болды.
Тарихи туындының түсіріліміне бас-аяғы 80 актер қатысып жатыр. Сондай-ақ, 200-дей адамның қатысуымен көпшілік сахналары түсіріледі. Режиссерлік топ түсірілімді қазан айында аяқтайды. Ал «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясын көрермен назарына ұсыну желтоқсанға жоспарланған.
Фариза Мұсақызы