Әкім мен министрлердің халықпен кездесулерін бағалау критерийлері әзірленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкім мен министрлердің халықпен кездесулерін бағалау критерийлері әзірленеді

09.08.2022

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ұлттық экономика мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне осы жөнінде тапсырма берді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы қалай орындалып жатқаны бүгін Үкіметте талқыланды. 

Асылбек Данияр, тілші:

Президенттің «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы басты қадамдарының бірі - мемлекеттік органдар мен халық арасындағы диалогты күшейту. Осы мақсатта жыл сайын тұрғындармен тұрақты кездесу өткізу тапсырылған еді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың айтуынша, тапсырма толық орындалмаған. Алғашқы алты айдағы 55 кездесудің тек 45-сі өткен. Үкімет мүшелерінің Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысындағы кездесулері аз болған. Жиынның белгіленген уақыты сақталмаған. Бұған бірнеше министрдің бір өңірге шығуы әсер еткен, дейді. Сондай-ақ мемлекеттік органдар кездесулердің онлайн трансляциясын және журналистерге арналған брифингтерді өткізбепті. Кездесулердің қортындысы бойынша проблемалық мәселелер тізбесінің жоспары жасалмаған, сайтта да жарияланбаған. Кездесу кезінде интернет сапасы, электр желісі мен газ тарту, ауыз су, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, қашықтан оқу және өзге де әлеуметтік мәселелер көтерілген. Премьер-министр кездесулерде кеткен кемшіліктерді түзету бойынша тапсырма берді.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелерді нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек. Осыған байланысты, биылғы жылдың соңына дейін орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған барлық кездесулерді бекітілген формат пен кестеге сәйкес өткізуді жалғастыруы қажет.

Асылбек Данияр, тілші:

Министрлік халықпен кездесу бойынша әдістемелік құрал дайындалғанын атап өтті. Аймақ тұрғындарынан түсетін өтініштерге талдау жүргізіледі. Әлеуметтік желідегі жазбалар назарға алынады, деді. Жалпы өткен кездесулерге орташа 500-ге дейін адам қатысқан. Жиын 3 сағатқа дейін созылған. 75 пайызы сұрақ-жауапқа арналған. 

Хабарламаларға жазылу