Робот-иттер қоғамдық тәртіпті бақылайды
Қостанайда енді роботтар қоғамдық тәртіпті бақылауға көмектеседі. Полиция қызметіне пилоттық жоба аясында екі робот-ит қосылды. Олар адам көп жиналатын орындарды аралап, тұрғындарға интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы және заң алдындағы жауапкершілік жөнінде ескерту жасайды. Сондай-ақ күдікті зат табылса немесе жарылғыш құрылғы туралы хабар түссе, қауіпті аумақты барлауға жіберіледі. Жаңа жоба – полиция қызметін цифрландырып, озық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалануға бағытталған.
Асан Тұрманов , облыстық полиция департаментінің жасанды интеллект және цифрландыру бөлімінің аға инженері:
Роботтарда дыбыс ұлғайтқыш және прожекторлар бар. Соның арқасында түнде де, күндіз де жұмыс істей алады. Басқару қашықтығы 15-20 метр. Сондай-ақ бұлардың бейнекамералары бар. Ол жедел басқару орталығына қосылған. Заманауи технологиялар полиция қызметін цифрландыруға бағытталған.