Түркияда маймыл шешегін жұқтырған алғашқы науқастар анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда маймыл шешегін жұқтырған алғашқы науқастар анықталды

05.08.2022

Түркияда маймыл шешегін жұқтырған алғашқы науқастар анықталды. Туристік маусымның қызған шағында бұл қауіпті ауру жылдам таралып кетпей ме? Маймыл шешегін жұқтырғандардың қазіргі жағдайы қалай?

Айдос Әшімұлы тілші:

Түркияда бүгінге дейін 5 адамнан маймыл шешегі анықталды. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша олардың төртеуі жазылып шыққан. Әзірге бір адам ауруханада жатыр. Оның денсаулығы жақсы деді министр. Сондай-ақ осы 5 адаммен жақын қарым-қатынаста болған кісілер үй карантиніне алынған. Әзірге алаңдауға еш негіз жоқ дейді мамандар.

Ал коронавирус жұқтырғандар саны Түркияда күн сайын артып барады. Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сай өткен аптада 365 мыңнан аса адамнан вирус анықталған. 157-сі көз жұмыпты. Дәрігерлер халықты вакцинаның кезекті дозасын алуға үндеп отыр.

Сема Култуфан Туран, вирусолог, профессор:

Пандемия біткенімен коронавирус әлі толық жойылған жоқ. Бәріміз көріп отырғандай омикрон варианты әлі де жылдам тарап жатыр. Сондықтан екпе алмағандар немесе бір ғана вакцина салдырғандар тағы бір рет екпе алғандары дұрыс. Бұдан бөлек қоғамдық көлікте, халық көп жиналған жерлерде әлеуметтік арақашықтық сақтап, маска тағып жүрген дұрыс.

Айдос Әшімұлы тілші:

Түркиялық медицина мамандарының айтуынша вирус жылдам тарағанымен халықтың басым бөлігі екпе алғандықтан науқас жеңіл өтіп жатыр. Дегенмен мамандар әзірге жаппай маска тағу режиміне көшу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ дейді. Ал Түркия Президенті жанындағы коронавируспен күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысы осы айдың аяғында өтеді. Сол жиында мектептердегі оқу онлайн бола ма, жаппай маска тағу режиміне қайта көшеміз бе деген мәселелер талқыланбақ.


Хабарламаларға жазылу