Туризмнің сан тарауын тоғыстырған Бурабай
Бурабай курорты – бүгінде тек демалыс орны ғана емес, туризмнің сан тарау
бағытын тоғыстырған бірегей хабқа айналды. Мұнда келушілер әсем табиғаттың
аясында тынығып қана қоймай, денсаулығын түзей алады. Сонымен қатар аймақта
агротуризм қарқын алып келеді.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Күз келсе де, Бурабайдағы туристік маусым аяқталған жоқ. Керісінше, табиғаттың алтын түске боялған шағы өңірге келушілерге жаңа бағыттар ұсынады. Биыл олардың қатарында инфрақұрылымы жаңартылған Бөлектау тауы да бар. Бұл жерден Әулиекөл мен Үлкен Шабақты көлдері алақандағыдай көрінеді.
Тау туризмін дамыту мақсатында биыл Бөлектау шыңына шығатын жаңа, заманауи әрі
қауіпсіз екінші экосоқпақ ашылды.
Қалибек Ақылбеков, «Бурабай даму» серіктестігінің бас директоры:
Қазір біз Бөлектау шатқалының бөктерінде тұрмыз. Төменгі бөлігінде жаңа туристік нысан пайда болып жатыр. Тау көрмесі, жаңа салынған жол. Оның бәрі экологияға жақсы ықпалын тигізеді. Сонымен қатар заманауи санитарлық тораптар салынып жатыр.
Күзгі курорттың тынысы өзгеше. Қалың орманның түсі өзгеріп, тау бөктері туристер үшін табиғи фотозонаға айналды. Су айдындары Бурабайдың басты байлығы болғандықтан, көл туризмі де заман талабына сай өзгеріп жатыр. Биыл электр моторлы су трамвайлары іске қосылды.
Айжан Бәкібаева, демалушы:
Бірінші рет келгенде Бөлектауға шығуға жол болған жоқ негізі. Шығу біраз қиынға соққан. Және қазір биыл келгенде міне осындай жақсы жол. Барлық жағдай жасалған. Шығу ыңғайлы тамаша ұнап жатыр. Күзгі Бурабай тамаша. Бірінші рет күзде келіп отырмын.
Жігер Жанжұман, демалушы:
Маған өте қатты ұнады. Қарасаң көзің тоймайды, картинкадағыдай. Әлі өз-өзіме сене алмай жүрмін. Кешке дейін жүреміз деп отырмыз. Әлі де аралаймыз.
Бурабайда агротуризм де дамып келеді. Туристер енді табиғатты сырттай тамашалап қана қоймай, өңірдегі шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен таныса алады. Мәселен, марал шаруашылығына жылына 30 мыңға тарта турист келеді. Мұнда қазір шамамен 300-ден аса дала тағысы бар,
Асқарбек Әбітаев, турист:
Қазір мынау маралды көруге келдік. Керемет көңіл күйдеміз. Күзгі Бурабай керемет ұнап тұр бізге. Жұмбақтасты көрдік, демалатын орны көп екен. Қазақстанымыз өте көрікті жер ғой.
Бурабайда медициналық-сауықтыру туризмінің де әлеуеті жоғары. Марал
шаруашылығында пантамен емдеу тәсілі дамып келеді. Жылына шамамен 3 мыңға жуық
турист маралдың мүйізінен жасалатын дәрі-дәрмекпен буынын емдеп, иммунитетін
нығайтады.
Халида Әшімова, агротуризм қауымдастығының президенті:
Қазір табиғи өнімге сұраныс жоғары, адамдар еш қоспасыз тікелей фермадан шыққан өнімді іздеп келеді. Сондықтан осы жерді агротуризмді дамытудың алаңына айналдырдық. Ауыл тұрғындарына өз шаруашылықтарын туристер үшін тартымды етуді үйретеміз.
Осылайша Бурабайдың тұмса табиғаты мен белсенді демалысы, агротуризм мен шипажай саласы бір арнаға тоғысып отыр. Арқаның ажарын ашқан бұл мекен тек демалыс орны емес, денсаулық пен саяхаттың нағыз алтын бесігі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы