АҚШ барлаушылары Зауахиридің жасырынып жүрген жерін жыл басында анықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ барлаушылары Зауахиридің жасырынып жүрген жерін жыл басында анықтады

02.08.2022

Ауғанстанда «әл-Каида» тобының жетекшісі Айман әз-ЗауАхири өлтірілді. Ресми Вашингтон оған 2001 жылы Америкаға қарсы теракт ұйымдастырып, мыңдаған адамды мерт қылды деген айып таққан еді. Құрама Штаттар ЗауАхириді жою үшін Кабулде арнайы операция жүргізген.

Ауғанстанда «әл-Каида» исламшыл тобының лидері Айман әз-Зауахири жексенбі күні таңертең өлтірілді. Оған Кабулдегі үйінің балконында тұрғанда америкалықтар дронмен екі зымыранмен жіберіп, дәлдеп соққы берген.

АҚШ барлаушылары Зауахиридің жасырынып жүрген жерін жыл басында анықтады. Радикалдық ұйым жетекшісінің көзі жойылғанын президент Джо Байден Ақ үйден жасаған телевизиялық үндеуінде жариялады.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

Қазір әділдік орнап отыр, лаңкестердің жетекшісі жойылды. Қанша уақыт өтсе де, қайда жасырынса да, халқымызға қауіп төндіргендерді, Америка Құрама Штаттары тауып алып, көзін жояды.

Марқұмды Вашингтон 2001 жылы Құрама Штаттарға жасалған терактілерді ұйымдастырды деп айыптады. Айта кетсек, сол алапат шабуылдан 3 мыңға жуық адам қаза тапқаннан кейін әз-Зауахиридің басына АҚШ 25 миллион доллар тікті.

Содан бері әз-Зауахири қашып жүрді. Ол «әл-Каиданы» 2011 жылы америкалықтар Пәкістанда Осама бин Ладенді мерт қылғаннан кейін басқаруға кірісті. Кешегі Шабуылдан Зауахиридің туыстары мен бейбіт тұрғындар зардап шекпеген.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

Бір апта бұрын, жағдайдың оңтайлы екенін білген соң, мен оны алуға соңғы келісімімді бердім. Миссия сәтті өтті. Оның отбасы мүшелері мен бейбіт тұрғындар зардап шеккен жоқ.

Бұрынғы мысырлық хирург әз-Зауахиридің қайтыс болғаны туралы соңғы жылдары бірнеше рет қауесет тарады. Бұған қоса, ол ұзақ уақыт бойы ауырды деген мәлімет бар.

Ауғанстандағы тәліптер үкіметі «әл-Каида» басшысының үйіне соққы берілгенін растап, Американы «халықаралық қағидаттарды» орындамады деп айыптады. Алайда, АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдеуінше, «Талибан» Зауахириге пана бере отырып, Доха келісімін өрескел бұзып отыр.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу