Түркістан облысында медицина мамандары тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында медицина мамандары тапшы

22.07.2022

Елімізде әрбір бесінші сәби өмірге келетін Түркістан облысында Ана мен бала орталықтары жоқ. Ал өзге қалаларға барып, ем қабылдауға жолдама жетіспейді. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа облыс тұрғындары осы сынды проблемаларын жеткізді. Аймаққа арнайы ат басын бұрған министр денсаулық саласына қатысты шешімін күткен мәселелер төңірегінде сұрақтарға жауап беріп, жаңадан салынып жатқан медициналық нысандардың құрылысымен танысты.

Халық саны тығыз орналасқан Түркістан облысында медицина саласындағы шешімін табуы тиіс проблемалар көп. Шалғай ауданда-қалаларда перинаталдық орталықтар жоқ. Кадр тапшылығы да өзекті. Балаларға арналған нейрохирург пен невропатолог сияқты салалық дәрігерлер жетіспейді. Облыстағы жедел жәрдем станциясында 140 бригада жылына 70 мың шақыртуға шығады. Дегенмен халықтың сұранысын толық қанағаттандыру үшін тағы бригадалар ашу қажет.

Ақайша Аманжолова, Түркістан облыстық жедел көмек станциясы басшысының орынбасары:

10 мың халыққа 1 бригада деп есептелген. Ал Түркістан обылсы бойынша қазіргі кезде 2 млн 75 мың халық тұрады. Яғни 207 бригадамен қамтылуы керек. Қазіргі таңда бізде 140 бригада жұмыс істеп жатыр. Ауылды елді мекендердегі амбулаторияларда 1-2 бөлмені жалға алып, бригадаларды орналастырып қойғанбыз.

Мәселе өзекті болған соң, облыс орталығынан жаңадан жедел жәрдем станциясы салынды. Денсаулық сақтау министрі жақын күндері қолданысқа берілетін станцияның және қалалық емхананың жұмысымен танысты. Аймақтағы проблемалардың тағы бірі - Түркістан қаласындағы жаңадан салынып жатқан облыстық клиникалық аурухана құрылысының тоқтап қалуы. Бұл мәселеге қатысты министр қазір қаржы мәселесі қарастырылып, құжаттарын рәсімдеу процесі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Еліміздің бас дәрігері сондай-ақ облыс тұрғындарымен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарын тыңдады.

Жиында бұдан өзге Сарыағаш пен Ордабасы аудандарында перинаталдық орталықтар салынып, қыркүйек айынан бастап апуыл тұрғындары жаппай профилактикадан өтілетіні айтылды. Ол үшін арнайы мамандары мен медициналық құрал жабдықтары бар көліктер елдімекендерді аралайтын болады. Ажар Ғиниятқызы осы шаралар арқылы кез келген аурудың алдын алып, базбір науқастар ерте бастан есепке алынатынын атап өтті. Сондай-ақ облыс басшылығымен кадр тапшылығы мәселесін шешу жайы талқыланғанын жеткізді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Жыл сайын жүздеген дәрігер сіздің облысқа, жақын отырған бұрын облыс орталығы болған Шымкентке де 150-ден астам дәрігерлер келеді. Енді сол жас мамандарды баулып, елге сіңіп кетуі үшін көмектесу керек. Ол жергілікті атқарушы органдардың жұмысы болып табылады.

Десе де өңірде медицина саласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жаңа нысандар салынып, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мен цифрландыру, жедел жәрдем көліктерімен қамту жұмыстары өз ретімен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да аймаққа министрлік тарапынан көп көңіл бөлініп, аталған саланың одан әрі дамып, өркендеуіне жағдай жасалмақ.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу