Елімізде сүт өнімдері тағы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде сүт өнімдері тағы қымбаттады

20.07.2022

Елімізде сүт өнімдері тағы қымбаттады. Қазір дүкен сөрелерінде сүт 300 теңгеге дейін сатылып жатыр. Есесіне өндіріс көлемі де азайды. Сүт зауыттары жабылудың аз-ақ алдында тұр. Қымбатшылық неден туындады? Өндірушілер не дейді?

Алла Гаврина, тілші:

Иә, қымбатшылық сүт өнімдерін де айналып өтпеді. Сарапшы компаниялардың келтірген деректері бойынша биыл аталған өнім бағасы 22 %-ке дейін қымбаттады. Біз дәл қазір елорда маңындағы сүт өндіру зауытына келіп, қымбатшылықтың себебін өздерінен сұрап көреміз.

Иван Сауэр, кәсіпкер:

Біздің өнім соңғы екі жылда тек 10 процентке көтерілді, оның өзінде биыл ғана. Пандемия кезінде бағаны ұстап тұрдық. Мысалы, биыл майлылығы 3,2 сүт қорапшасын 230 теңгеден 255-ке дейін қымбаттаттық. Басты себеп ауылшаруашылық саласындағы шикізаттың, яғни жем қоспасы, сүт ашытқысы мен қорапшалардың импорттәуелділігі. Сол доллар мен еуроға қарап қалып жатырмыз. Ресей өніміне ауыстырғанның өзінде рубль тұрақсыз

ТМД елдері бойынша елімізде сүт өнімдері ең арзан бағаға сатылады, дейді кәсіпкер. Десе де, тұтынушының қалтасын қағады. Электр энергиясы мен судың 20%-ға қымбаттағаны тағы бар. Өнім өндіру көрсеткіші де біршама азайған. Мәселен, өндіріс қарқыны тек мына облыстарда ғана байқалып отыр. Сотүстік өңірлер көш басында. Өндіріс көлемі 7 процентке дейін кеміді.

Сүт өнімін өндіру көрсеткіші жоғары өңірлер:

Солтүстік Қазақстан - 75,7 мың тонна

Алматы облысы - 44,2 мың тонна

Ақмола облысы - 34,2 мың тонна

Қостанай облысы - 28,5 мың тонна

Отандық сүт зауыттары жабылып қала ма деген уайымның алғышарты осы. Қазір елде олардың 90-ға жуығы істеп тұр. Өндірушілер субсидия қажет деп мемлекеттен көмек сұрайды. Тығырықтан шығар жол осы, дейді.

Михаил Мищенко, Сүт нарығын зерттеу орталығының директоры:

Қазақстан сүт өнімдерін импорттаушы мемлекет. Сандарды сөйлетсек, 4 млн тонна таза өнім шығарылады, өндірілгені 1,9 млнды ғана құрайды. Бұл өте аз. Екеуі де бірдей деңгейде болуы қажет. Теңесіп, өндіріс көлемі артқан жағдайда аталмыш салаға қауіп келмейді.

Сүт бағасының өсуі әлем бойынша байқалады дейді маман. Дефицит бар. Техникалық жабдықтар мен шикізатты сатып алу жалғасады. Сонда да, сыртқы факторлардың әсері импорттың өсуіне зиян келтірмейді деп сендіріп отыр.

Алла Гаврина


Хабарламаларға жазылу