Азия жастары кеңесінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азия жастары кеңесінің отырысы өтті

15.07.2022

Азия жастарының кеңесі - Қазақстан жастары үшін пайдалы әрі тиімді алаң. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Жастар кеңесінің 5-ші отырысында құрылым хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай осылай деді. Елорда төріндегі алқалы жиынға Катар, Иордания, Израиль, Палестина, Өзбекстан, Ресей, Тайланд секілді 15-ке жуық мемлекеттің өкілдері қатысты. Басқосуда Азия құрлығындағы студенттер алмасу, жұмыспен қамту, жастарды теріс діни ағымдардан қорғау, суицид, есірткіге тәуелділіктің алдын алу сынды өзекті мәселелер қаралды.

Қайрат Сарыбай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі хатшылығының атқарушы директоры:

Жастар өзінің саясатын мәдени түрде, Парламент жолымен, саясат жолымен қалай жүргізе алады.? Қалай оны алға тарта алады? Осы мәселелер бойынша ТүрікПА жастар қанатының өкілдері түрік халықтарының тәжірибесімен бөліседі.

Қазақстан қазір жаңа жастар саясатын қалыптастырып жатыр. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ұтымды тұстарын пайдалану маңызды. Осы ретте Жастар кеңесінің рөлі зор. Себебі, құрылым Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда белсенді жұмыс істеп келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда кеңесе отырып, ортақ шешім қабылдау маңызды, дейді қатысушылар. Делегаттар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне қарасты, жастар ұйымдарымен диалог пен әріптестік қатынастарын жандандыруға мүдделі.

Майсам Әл-Хадиди, шараға қатысушы:

Әлем елдері секілді бізде де жастар мәселесі өзекті. Қазір Иорданияда пандемиядан кейін жастарды қолдау, оларды ортаға бейімдеу бағытында көптеген іс-шараларды қолға алып жатырмыз. Тәжірибе бөлісуге дайынбыз. Қазақстан өте жылы қарсы алды. Қонақжай елге келгенімізге қуаныштымыз.


Хабарламаларға жазылу