Ақмола облысының Жақсы ауданына қарасты Теріс аққан ауылы маңындағы Сарыоба кешенінде археологиялық зерттеу жұмысы басталды. Бұған дейін өңірдегі тарихи орындар кешенді түрде зерделенбеген еді. Сондықтан, ғалымдар қойнауына сыр бүккен көне кешеннің талай құпиясын ашуға бел буып отыр.
Ермек Елберген, тілші:
Сарыоба - 10000 шаршы метр аумақты алып жатқан ірі кешен. Ғалымдар бұл нысанды сақ-сармат дәуіріне жатқызады. Нақты дәлелдер мен мәліметтер археологиялық зерттеу нәтижесінде анықталмақ.
Арман Бейсенов, археолог:
Кешеннің ортасында Сарыоба деп қазақ атаған үлкен оба жатыр. Қорған. Диаметрі 100 метрден кем емес. Оның сыртында солтүстік жағында ұзындығы бір 70-80 метрдей, жалпақтығы 30 метрдей жалпақ дөңес жатыр. Дөңес қолдан үйілген. Одан солтүстікке қарай 7 дала, 7 нысан жатыр. Ғұрыптық орындар. Дөңгелек, кезінде балшықтан соққан дуал тәрізді.
Ермек Елберген, тілші:
Ерте көшпелілер кезеңіндегі Ақмола облысындағы тарихи орындар көп зерттелмеген. Сондықтан Сарыобаны кешенді түрде зерделеп, тың жаңалық ашуға үміттіміз дейді мамандар. Қазір, ғалымдар кешен аумағын сканерлеп жатыр. Оған түркиялық мамандар тартылған.
Фатих Ахмет Юксел, Стамбұл университеті геофизика бөлімінің қызметкері:
Менің артымдағы құрылғы - геомагниттік радар. Ол жерді сканерлеуге арналған. 10 метр тереңдікке дейін алады. Ақпаратты жинаған соң осы аумақтың 2D,3D кескін нұсқаларын жасаймыз.
Ермек Елберген, тілші:
Қазба жұмыстары жер туралы толық ақпарат жиналған соң басталады. Түркиядан келген зерттеушілер заманауи қондырғылардың арқасында жердің сипаттамасын әзірлейді. Содан кейін обаның белгілі бір бөліктері ғана аршылмақ.
Айбар Қасенәлі, ҚР ұлттық музейі мәдени мұра ғылыми-зерттеу институтының басшысы:
Қазіргі таңда бұл жерде геомарфологиялық, геофизикалық зерттеулердің бір парасы атқарылуда. Алдағы уақытта бұл жерде толыққанды археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі, яғни археологиялық қазба жұмыстары дегеніміз бұл жерге белгілі бір ғалымдар қатысады. зерттеушілер қатысады. Қазба жұмыстары осы Сарыоба кешенінде атқарылады.
Ермек Елберген, тілші:
Сарыоба кешенін зерттеу 3 жылға жоспарланған. Археологиялық қазба кезінде табылған жәдігерлерге ғылыми-сараптамалық өңдеу жасалады. Ал кешен консервацияланып, қалпына келтірілмек.