Түркияның бірнеше өңірінде сел жүрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның бірнеше өңірінде сел жүрді

28.06.2022

Жақында ғана алапат орман өртімен күрескен Түркияда тағы бір табиғи апат басталды.

Елдің бірнеше аймағында нөсер жауынның арты селге ұласып, елді-мекендер су астында қалды. Жүздеген адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Із-түссіз кеткендер де бар. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Жағдай әлі тұрақталған жоқ. Елдің солтүстігінде нөсер жаңбыр әлі де тыйылмай тұр. Кеше түнде Анкара-Кастамону тас жолының бір бөлігі опырылып қалды. Сондай-ақ лай көшкіні болуы мүмкін деген қауіппен таулы аймақтағы бірнеше тас жол көліктер үшін жабылды. 118 ауылмен жол қатынасы үзілген. Қазір құтқарушылар сел басқан аймақтарда күні-түні жұмыс істеп жатыр.

Мұрат Курум, Түркияның қоршаған ортаны қорғау және климат өзгерісі министрі:

Соңғы 24 сағатта бір айлық мөлшердегі жаңбыр жауды. Синоптиктер жауын әзірге басылмайды деп отыр. Апаттың алдын алу үшін жасалған жұмыстардың арқасында тұрғындар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. 22 жастағы бір адам іздестіріліп жатыр. 130 адам құтқарылды. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Сел ортасында қалған адамдар әлі де арнайы көліктермен және тікұшақтармен құтқарылып жатыр. Соңғы ақпаратқа сай Болу қаласы маңында екі көпірді су шайған. Көптеген тұрғын үй мен егіс алқаптары да су астында қалды. Мамандар тұрғындарды сапарға шықпауға және таулы аймақтарда мейлінше сақ болуға шақырып отыр. Ал Ыстамбұл, Анкара, Анталия сияқты ірі қалаларда күн ашық, сел қаупі жоқ.

Хабарламаларға жазылу