Стамбұлда нөсер жауыннан екі адам қайтыс болды: Қазір 5 адам ауруханада жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлда нөсер жауыннан екі адам қайтыс болды: Қазір 5 адам ауруханада жатыр

06.09.2023

Кеше түнде Сстамбұлда нөсер жауын жауып, арты селге ұласқан. Бір өзен тасып көшелер мен үйлерді су басты. Башакшехир және Кучукчекмеже аудандарында екі адам қайтыс болған. Ондаған көлік су астында қалып, жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Кеше түнгі сағат 12.00 шамасында басталған нөсер жауынның соңы аз уақытта селге ұласып көшелер мен үйлерді су басты. Мамандар 500-ден аса үйге су кіргенін айтты. Өкінішке қарай, су басқан үйінен шыға алмай қалған 37 жастағы бір шетелдік азамат пен көшеде сел суы ағызып әкеткен 57 жастағы әйел қайтыс болды. 12 адам жараланған. Олардың жетеуі тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген. Қазір 5 адам ауруханада жатыр. Түн ішінде төменгі қабаттағы үйлерін су басқан тұрғындар шатырларға шығып паналаған. Осындай қиын жағдайға түскен 70 адамды құтқарушылар қайықтармен қауіпсіз жерге жеткізді. Өзен маңындағы жолдарды су басып, ондаған автокөлік су астында қалды. Сондай-ақ әуежайға баратын метроның бір тармағын да су басып, бірнеше аялдама жолаушылар қатынасы үшін жабылды.


Оқиға орнында құтқарушылар таң атқанша жұмыс істеді. Әлі де су басқан ғимараттарды тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір жаңбыр басылған, дегенмен метерологтар бүгін күндіз де нөсер болуы мүмкін екенін ескертті. Соңғы күндері Түркияның бірқатар аймақтарында нөсер жаңбыр жауып, сел жүріп жатыр. Кеше елдің батысындағы Кырыкларелі облысына қарасты Демиркөй ауданында да нөсер жаңбырдан өзендер тасып, сел жүрді. Таулы аймақта жүрген 2 адам суға кетіп қайтыс болды. Із-түзсіз кеткен 4 адам әлі де іздестіріліп жатыр.


Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу