Маңғыстау облысында 3 бірдей ауылды құм басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында 3 бірдей ауылды құм басты

20.06.2022

Маңғыстау облысында 3 бірдей ауылды құм басты. Салдарынан елді-мекендерге кіре-беріс жолдар тіпті, кейбір баспаналар мен мал қоралар көміліп қалған. Тұрғындар оны өз күштерімен, қыруар қаржыға күретіп, амалдап отыр. Ал, құзырлы мемлекеттік мекеме 5 жылдан бері дайын жобаны іске асырмаған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Сазды ауылы аудан орталығынан 90 шақырымда орналасқан, 120 дай халық тұрады. Елді-мекен құмның құрсауында қалған. Мінеки қораларды , үйлерді құм басып жатыр. Тұрғындар экологиялық мәселемен өз бетінше күресуге мәжбүр.

Балиян Әбуованың жуырда мал қорасын құм басып, құлатқан. Зейнеткер техника жалдау үшін 2 жылқысын беріп, оны күреткенін айтады. Содан соң қыруар қаржыға қораны қайта салғызыпты.

Балиян Әбуова, Сазды ауылының тұрғыны:

Соны зорға күретіп мынадай қылып тас үй салып алдық енді қораны. Бірақ бержағын басып жатыр қайта-қайта соны ақшаға күретіп отырмыз енді. бір күретуіміздің өзі 500-600 мыңға шығады. Оған біз көп ақша таба алмаймыз.

Құм басқан Сазды, Сауысқан және Жарма ауылдары -Маңғыстау ауданына қарасты елді-мекендер. Үшеуінде шамамен 250-ге жуық тұрғын бар. Олар ата кәсіп-мал шаруашылығымен ғана айналысады. Ауылдықтар құм көшкінін жер асты суының игерілуімен байланыстырады.

Айдарбек Көркембаев, Сазды ауылының тұрғыны:

Мына Сауысқан деген кен орны бар аулымыздан Жаңаөзенге су айдап отырған. Су айдап отқанына 50 жыл болды ғой Сауысқанның. Сол астының суы ортайғасын мына құм дейтін көшіп ауылымызды басып қалды. Үйлерімізді басып қалды.

Тұрғындар табиғи апатпен бетпе-бет келіп, тығырықтан өз бетінше шығуда. Алайда, соңғы жылдары құм көшкіні үдеп, игертпей барады, дейді. Сондықтан көшкінді тоқтататын өсімдік егуді сұрайды. Ауылдық округ әкімінің сөзінше, бұл ауылдардың болашағы бар. Өйткені, инфрақұрылымы толық жүргізілген. Сондықтан қоныстануға ниет білдірушілер де жоқ емес.

Сүйіндік Еңсепов, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі:

Ол жерде құм болғанымен жер астында суы жақын. Және де осы Жарма, Сазды елді-мекендерінің шөбі былай басқа жерлерге қарағанда биіктеу болып, өйткені құмақ жердең шөбі ылғалы бар, ықтасыны бар, осыған байланысты қызығушылар сол үшін келіп жатыр.

3 елді-мекенде құм көшкінін тоқтату үшін осыдан 5 жыл бұрын арнайы жоба әзірленген болатын. Құны-422 млн теңге. Оның аясында құм қоршалып, сексеуіл мен жүзген егілуі тиіс еді. Алайда, қаржы бөлінбеді. Ал, қазір қаржы бар бірақ, мердігер жоқ. Себебі, нарықтағы баға шарықтап кеткен.

Ербол Денов, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғау басқармасының бөлім басшысы:

22-жылға облыстық бюджеттен ақша бөлінді. 1,2,3 ші жылға 256 млн теңге қарастырылған. Сол бойынша біз жыл басынан бері 4 рет конкурс жариялаған болатынбыз. Өкінішке орай ешқандай конкурсқа қатыспады, өтпеді деп танылды.

Мамандар алда тағы да конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Одан нәтиже болмаса, жобаға түзету енгізілмек. Ал, жалпы, құм көшкінін тоқтату жұмыстарын жыл аяғына дейін бастау көзделген.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу