Ұлытаудағы басқосу: Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытаудағы басқосу: Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті

16.06.2022

Елімізде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылады. Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын өткізген Президент осындай мәлімдеме жасады. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Дегенмен бұл күн Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек. 2,5 сағатқа созылған Ұлттық құрылтай соңында Мұхтар Шахановқа - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берілді.

Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне бүгін ақ шатыр орнатылды. Дәстүр жаңғырып, ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Мемлекет басшысы алдымен талай тарихи оқиғаның куәсі болған Ұлытау өңірінде ұлы миссияның қайта жалғасын тапқанын атап өтті. Екінші Республиканы құруға кірістік. Осы арқылы елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады. Бірақ бұл бір күнде не бір жылда іске аспайтыны белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Алайда, кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. менің ойымша, бұл – дұрыс емес. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін Азия мемлекеттеріне жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және көптеген Орталық Азия мемлекеттері бар.

Елде түрлі пікірталас алаңдары бар. Бірақ Құрылтайдың орны бір бөлек. Бұл қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болуды көздейді. Жиынға 100-ден аса сан түрлі саланың, әр буынның өкілі келіп, ой қосты. Соның бірі белгілі математик Асқар Жұмаділдаев. Академик мемлекеттік істе сөз бен істің жақын болғанын қалайды.

Асқар Жұмаділдаев, ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Бұл осы халықтың өкілі. Президентке ақыл айтатын консультативтік орган болып есептеледі. Сол себепті неше түрлі кәсіп өкілдерінен алынады. Ол тек ақын болу емес, ғалым болу емес. Қазақтың болашағы жайлы, елі жайлы Президентке ақыл айта алатындай адам деген сөз.

Тарих шынайы бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырды. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады. Бұдан былай Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарылады. Президент бұл күнді мемлекет құру жолындағы қарышты қадамының символы болады деп сенеді. Есесіне Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Басты мемлекеттік мереке болып қала береді.

Әлихан Байменов, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Ұлттық мерекені демалыс күнімен күнімен алмастырмау керек. Ұлттық мереке....

Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Президент келесі жиынды киелі Түркістанда өткізуді ұсынды. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді.

Ақерке Бектас, тілші

Бастысы халықтың сөзі билікке ықпалды болу керек. Президент әрбір азамат саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі керек деп шегеледі. Өзгерістің бәрі әділетті қоғам құруға үміт береді. Оның үстіне әлемдік геосаяси жағдай күрделенген бұл уақыт ұлт тұтастығының құнын жоғалтпай, бірлікті сақтаудың аса маңызды екенін еске салғандай.


Хабарламаларға жазылу