Премьер-министр Орталық Азия елдерін сауда қатынастарын нығайтуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр Орталық Азия елдерін сауда қатынастарын нығайтуға шақырды

16.06.2022

Үкімет басшысы Орталық Азия елдерін сауда қатынастарын нығайтуға және кеңейтуге шақырды. Әлихан Смайылов Алматыда өткен «COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияны әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» тақырыбындағы екінші өңірлік саммит барысында тоқталды. Іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің премьер-министрлері қатысты. Әлихан Смайылов Қазақстанның БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін қолдайтынын жеткізді. Бұған Тұрақты даму мақсаттары индикаторларының ұлттық стратегиялар мен даму бағдарламаларына енгізілуі дәлел. Елімізге жүктелген міндеттемелерді іске асыру үшін ТДМ жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

Халықаралық институттардың деректері бойынша, бүгінде Орталық Азиядағы ішкі өңірлік тауар айналымы - 6,5 млрд доллар. Бұл - жалпы тауар айналымының небәрі 9%-ы. Десе де, қазір өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда бірлескен жобалар табысты іске асырылып жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Біз бизнес-қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар сарапшыларының белсенді қатысуымен Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік. Осы құжат аясында инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлік ортаны жақсарту, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, инновациялар мен баламалы энергетиканы енгізу, жасыл қаржыландыруды кеңейту бойынша жаңа шаралар дайындалады.

Саммит аясында Әлихан Смайылов Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның Үкімет басшыларымен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы мен транзиттік-көлік секторындағы ынтымақтастық, сондай-ақ су ресурстары саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Уша Рао-Монаримен де кездесті. Өз кезегінде шетелдік мейман БҰҰ-ның Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.


Хабарламаларға жазылу