Украина аумағында әскери қақтығыс жалғасып жатыр. Әсіресе, Северодонецкіде жағдай күрделі. АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының дерегінше, қалада не болып жатқаны түсініксіз. Бұған дейін Украина билігі Северодонецкінің жартысын қайтарғанын мәлімдеген. Кейін бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ал «Би-Би-Си»-дің дерегінше, қаладағы өнеркәсіптік аймақ қана Украина әскерінің бақылауында, қалған бөлігін ресейлік күштер басып алған. Дегенмен бұл мәліметтің рас-өтірігін тексеру мүмкін емес. Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей Донбасста алға жылжыса, жағдай қиындай түспек. Тағы бір сөзінде ол күзде Украинада 75 млн тонна астық экспортталмай қалуы мүмкін деді. Зеленский өнімді сыртқа қауіпсіз түрде шығару үшін Батыс елдерінен кемеге қарсы қару беруді сұрады.
Ал Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса, Ұлыбритания мен АҚШ Киевке алыс қашықтыққа арналған зымыран жіберсе, Украина оның зардабын тартатынын мәлімдеді. Дипломаттың сөзінше, қару неғұрлым алысқа ататын болса, Ресей әскері Украина күштерін соғұрлым алысқа ығыстыра түседі деп жауап берді.