Ресей қарулы күштері шабуылды күшейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей қарулы күштері шабуылды күшейтті

18.05.2022

Американың Соғысты зерттеу институты Украинадағы әскери қақтығысқа қатысты жаңа дерек жариялады. Оған қарағанда Ресей әскері бар күшін Северодонецк қаласына жақындауға жұмылдырып жатыр. Луганск облысында олар бірнеше қалаға апаратын жолды бақылауға алуды көздейді. Дегенмен бұл жоспарды жүзеге асыруда қиындықтарға тап болған. Сонымен бірге Ресей армиясы Донецк облысындағы Славянск қаласын әрі қарай шабуылдау үшін әскерилер санын толықтырып жатыр.

Ал, Харковь бағытында Украина күштері Ресей армиясын ығыстыра түсті. Америкалық сарапшылардың мәліметінше, оңтүстік бағытта ресейліктер белсенді әрекеттерге көшпей, қорғанысты күшейткен. Азовстальда украина әскерилерін эвакуациялау жүріп жатыр. 300-ден астам жауынгер Ресей бақылауындағы Оленевка поселкісіндегі колонияға жеткізілген. Ресей Мемлекеттік думасы оларды ресейлік тұтқындарға айырбастамауды ұсынып отыр. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, сумен қамтамасыз ету жүйесі қираған Мариупольда холера белең алуы мүмкін деген қауіп айтты. Сол себепті ұйым инфекцияға қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмек дайындап жатыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу