Қарағандылықтар сапасыз жолды сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылықтар сапасыз жолды сынға алды

17.05.2022

Қарағанды облысында қазынаның миллиондаған қаржысына салынған асфальттың ел қызығын көрмей жатып тоз-тозы шықты. Қарқаралы қаласы мен Қасым Аманжолов ауылының арасын жалғайтын 33 шақырым жол 2020 жылы жөнделген болатын. Қазір жол шұрық тесік. Ал жұмысты сапасыз атқарған мердігер кемшілігін түзеуге асығар емес. 

Тұрғындар жаңа жолды 30 жыл күтті. Алайда осыншама есіл ақшаның еш кеткеніне ауыл жұрты қатты қапалы. Технологиясы сақталмай салынған жолдың жырым-жырымы шыққан.

Жаңабек Қарсыбекұлы, ауыл тұрғыны:
Анау Қарағандыдан әкеледі асфальтты. Асфальт мында келгенше кеуіп, қатып қалады. Соны салады. Сонда қандай сапа болады одан. Міне, бір жылға жеткен жоқ.
Аслан Жақанов, ауыл тұрғыны:
Бұрыңғы асфальтты қайта қопарып, астына қайта жайғызды. Соның үстінен алды да таптап мына асфальтты себе салды. Соның нәтижесі осыған келіп тұр ғой.

Ең сорақысы, сапасыз жолды тапсырыс беруші тарап қабылдап жіберген. Әйтседе, кепілдік мерзімі өтпеген. Енді соның негізінде олқылықтарды қалпына келтіруге мердігерді міндеттейміз, - дейді мамандар.

Қайырбек Түсіпов, Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Жол қабылданды қазір. Алайда қолдану кезінде ақаулардың анықталуына байланысты мердігерді сотқа бердік. Сол бойынша өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады 1 маусымнан бастап.
Әнуар Шәкәрімов, ауыл тұрғыны:
Жамағанмен мәселе шешілмейді. Өйткені оның основаниесі жоқ болғаннан кейін үстінен қанша, мейлі 30 сантиметр асфальт салсаңыз да тұрмайды.

Жұртшылықтың айтуынша, асфальттың астына қиыршық тас салынбаған. Ескі жолды қырып, топырақтың үстіне төсей салған. Қазынаның миллиондаған қаражатына сұрау болса, жол қайта салынсын,-дейді тұрғындар. Себебі биыл кепілдік мерзімі бітеді.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу