Үлгілі ауыл. Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Үшқұдық елдімекені соңғы жылдары адам танымастай түлеген. Тұрғындар бұны өздері сайлаған ауыл әкімінің жұмысысмен байланыстырады. Басқасын айтпағанда, ауылдың ешқашан асфальт көрмеген көшелеріне дейін жөнделіп жатыр. Бірлігі бекем, көрікті мекеннің тыныс-тіршілігімен Жақсыбек Кемал танысып келді.
Үшқұдықта 370-ке жуық түтін бар. Ауылда өзгеріс көп. Көгілдір отын мен таза су келіп тұр. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасымен өмірі жөндеу көрмеген мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жаңа балабақша бой көтерді. Орталық екі көше жөнделіп, пайдалануға берілді. Биыл тағы екеуінің құрылысы басталып жатыр.
Марат Балғожин, ауыл тұрғыны:Мәдениет үйі салынды, мектеп жақсы жөндеуден өтті. Жол қаладан ауылға дейін қиын еді, қазір 3-4 жыл болды, жол да жақсы.
Жақсыбек Кемал, тілші:Ауылда тұрғындар саны жыл өткен сайын артып келеді. Өйткені, үй салу үшын жер телімін сұрушылар көбейген. Бұл мақсатқа ауылдың шет жағынан жаңа аумақ бөлініп, инженерлік желілер тартылып жатыр.
Соңғы жылдары ауылда кәсіп ашамын дегушілер көбейді. Қазір 23 шаруа қожалығы, 33 кәсіпкерлік нысаны бар. Елена Куртабева 2018-інші жылы наубайхана салған. Енді кәсібін кеңейтіп, кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашпақ.
Елена Куртабаева, кәсіпкер:Біз мұнда нанның екі түрін пісіреміз. Алғашқыда өнімдеріміз өтпей қала ма деген уайым болды. Дегенмен, қазір бәрі дұрыс, тіпті кей күндеір тұтынушыларға нан жетпей қалып жатады.
Берік Ақдәулетов бұған дейін де бес жыл осы ауылда әкім болған. Өткен жылғы сайлауда тұрғындар оны қайтадан сайлады. Өйткені әкімге халықтың сенімі зор. Ауыл басшысының қасында 14 адамнан тұратын қауымдастық бар. Кез-келген шаруа солардың талдқысынан өткен соң ғана қолға алынады.
Берік Ақдәулетов, Алға ауданы, Үшқұдық ауылдық округінің әкімі:Бюджеттің қаражат арқылы саябақты жөндеуден өткізу толық шешімін табады. Сондай-ақ қазір абаттандыру жобасына сәйкес Үшқұдық аулында спорттық кешен салыну жобасы басталды. Қазіргі таңда конкурстың барлық құжаттары дайындалып жатыр.
Үшқұдық «Абаттандырылған ауыл» жобасына енген аймақтағы сегіз елді мекеннің бірі. Ауыл жұртының алға қойған мақсат мұраттары да көп. Егер оның бәрі іске асса, ауылымыз адам танымастай түлейді дейді тұрғындар.
Жақсыбек Кемал