Ақмола облысында індетке шалдыққан төрт түлік күрт көбейді. Бір апта бұрын мың жарым ірі қара мен 200 қой ауру жұқтырса, қазір 3800-ден астам қара мал мен 2 мыңға жуық қой тіркеуге алынған. Мамандар нақты қандай ауру екендігін дөп басып айта алмай отыр. "Аусыл" ауруы деген болжам болған. Алайда сараптама оны жоққа шығарды. Індет Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылында өршіп тұр. Өлген 24 малдың 19-ы осы елдімекенде. Бірақ, тұрғындар шығын бұдан да көп дейді. Не ауру екені анықталмағандықтан, нақты ем жасалып жатқан да жоқ.
Сағидолла Ырысбек, Еркіншілік ауылының тұрғыны:Бір-екі бас сиырым қалған. Оның біреуі, міне, құлап жатыр тұра алмай. Біреуі жайлауға барып өлді. Енді не істерімізді білмейміз. Ешқандай көмек жоқ үкіметтен. Не вакцина жоқ. Дәрі-дәрмекті өзіміз әкеліп егіп жатырмыз. Ол дұрыс дәрі екенін, теріс дәрі екенін бір Алла білсін. Әйтеуір, дәрілеген болып жатырмыз. Сонда да өліп жатыр.
Мал жекенің меншігі болған соң, қажетті дәрі-дәрмекті тұрғындар өздері сатып алу керек, - дейді мамандар. Бірақ, төрт түліктің дені аурудан айыққан мал дәрігерлерінің айтуынша. Алдағы күндері аусылға қарсы вакцина салынбақ.
Талғат Жүнісов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:Бұл ауру көп аурулардың клиникасына ұқсайды. Инфекционный стоматит, ринотрахеит деген ауру бар, аусыл барлығы клиникасы бірдей. Тек қана оны лабораторияный подтверждениемен ғана біз айта аламыз именно сол ауру деп. Ал енді бізге сараптама болмағандықтан, енді малды өлтіріп тастамайсың ғой. Сондықтан мал дәрігерлері симтоматикалық клиникасына қарап ем шараларын жүргізеді.
Ермек Елберген