Конституциялық сот пен Конституциялық кеңестің айырмашылығы неде? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституциялық сот пен Конституциялық кеңестің айырмашылығы неде?

08.05.2022

Ата Заңға қатысты ұсынылып отырған өзгерістердің кейбіріне кеңірек тоқталсақ. Бұл жолы адам құқықтары бағытын таңдадық. Референдумда көпшілік заң жобасын қолдаса, елімізде Конституциялық сот құрылады. Бақылаушы орган тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін де болған. Бірақ 1995 жылы оның орнына сот жүйесіне кірмейтін Конституциялық кеңес құрылды. Олардың айырмашылығы неде? Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің міндеті қандай? Дарын Сағитов тарқатады.

Заң үстемдігі мен әділ төрелік. Сот жүйесіндегі басты қағида осы. Президент биылғы Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Солардың ішінде ең бастысы – Конституциялық сот құру. Бірегей институт қазір әлемнің озық елдерінің барлығында бар.

Абзал Құспан, адвокат, қоғам белсендісі:
Конституциялық кеңес ол аты айтып тұрғандай бар-жоғы кеңес береді. Ол кеңесінің қандай да бір міндеттемелік күші болмайды. Ал Конституциялық сот алдына түскен мәселе бойынша істі мәні бойынша қарап, нақты шешім шығарады. Билік етеді. Және оның шешімі орындалуға міндетті. 

Конституциялық сот құруды заңгерлер мен қоғам белсенділері көптен бері айтып келген еді. Енді ұсынысқа Президент пәрмен беріп отыр. Бірегей органға кез келген азамат өз сауалын жолдай алады. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де оған жүгіне алады.

 Айдос Сәдуақасов, ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі:
Биліктің үш тармағының теңгерімді жұмыс істеуі үшін, және туындаған мемлекеттік деңгейіндегі үлкен мәселелерді шешу үшін біз Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарының қорғалу деңгейі артатын болады. 

Ата заңның мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін орган сот жүйесіне конституциялық бақылау жүргізеді. Мысалы, сот ісінде судья қандай бір бапты негізге ала отырып, шешім шығарады. Заңды өзгертуге құқығы жоқ. Бірақ азамат тарапынан заң нормасына қатысты қандай да бір күмән болса, Конституциялық сотқа тікелей жүгінуіне мүмкіндік болады.

Азаптау туралы қазір туралы аз айтылып жүрген жоқ. Нақты жауапты орган болмағаннан кейін олқылық көп. Тәуекел басым. Президент бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынды.

Игорь Рогов, ҚР Президентi жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссияның төрағасы:
Президент Жолдауында адам құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Ата заңымыздың 17-бабы, 2-тармағында нақты жазылған. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге немесе жазалауға болмайды. Мұндай құбылыс жалғыз біз емес, әлемнің көп елдерінде бар. Осыған мемлекетіміз қандай әрекет жасау керек? Күресу жолдары қандай? Бүгінгі таңдағы басты мәселе осы.

 Ендігі мәселе - тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Бұл құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызуға бола ма? Президент мәселені жан-жақты зерделуді Бас прокуратураға тапсырды. Ал құқық қорғаушылар мұндай оқиғалар кезінде балалардың құқығы мүлде ескерусіз қалады деп отыр.

Айман Омарова, құқық қорғаушы:
Қазіргі таңда әкелердің де құқықтары бар. Соларды зерттеу керек. Бұл жерде өте маңыздысы – ол балалардың құқығы. Себебі, осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен зардап шегетін көбінесе балалар.

Президент Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажеттігін де айтты. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. Мысалы, осыдан 8-10 жыл бұрын қоғам омбудсмен және оның міндеттері туралы білмейтін. Қазір керісінше, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып келеді. Тек бір кемшін тұсы - қорғаушылардың қызметі ақылы. Мұны көптің қалтасы көтере бермейді.

Қазіргі таңда өткір мәселелердің бірі – өлім жазасы. Өткен жылы желтоқсанда бұл жазаны жою туралы заң қабылданды. Тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізіледі. Сарапшылар «өлім жазасы - қауіпті шешім» дейді. Қателік кетсе, салдары қиын. Жазықсыз жазаға тартылғандардың бұзылған құқығын қалыпқа келтіру мүмкін емес.

Абзал Құспан адвокат, қоғам белсендісі:
Өлім жазасы орындалып кеткеннен кейін, арада біраз уақыт өткен соң, жаңа мән-жайлар анықталып жатады. Яғни ол адам емес, басқа адам ол қылмыстық істе жазықты болып жатады. Ал ана өмірге кетіп қалған адамды қайтіп тірілте алмаймыз. Яғни, оның бұзылған құқығын қайтып қалпына келтіре алмаймыз. 

Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылы мораторий жарияланды. Оның орнына балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.

Ең соңғы өлім жазасы 2016 жылы тағайындалды, бірақ орындалған жоқ. 2017 жылы бұл жазаға ешкім кесілген жоқ. Бірақ, 8 адам өмір бойы бас бостандығынан айырылды. 2018 жылы 6 адам, 2019 жылы бір қылмыскер, 2020 жылы 12, 2021 жылы 15 адам өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

2016 жыл - соңғы өлім жазасы

Құқық қорғау институттарын күшейтуге бағытталған кешенді шаралар аясында алқабилердің рөлі ерекше. Бұл сот әділдігінің сенімді түрі. Президент тапсырмасына сәйкес, алқабилердің қарауына берілетін істердің санаты да артады.

Айдос Сәдуақасов, ҚР жоғарғы сотының ресми өкілі:
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер қарайтын қылмыстардың санаттары кеңейтілді. Қолданыстағы заң бойынша 14 санатты қараса, алдағы уақытта 22 қосымша қылмыстық істердің санаттары беріледі. Ол ауыр және аса ауыр қылмыстар.

Құқық қорғау институттарын күшейту сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға жол ашады. Қазір кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп артып келеді. Бұл ретте, Жоғарғы сот кеңесі маңызды рөл атқарады. Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған конкурстық шаралардан онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады деді Президент.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу