Қостанай облысында медицина маманы қат
Қостанай облысында медицина мамандары тапшы. Әсіресе ауылдық елді мекендерде жағдай күрделі. Акушер-гинеколог, терапевт сынды арнайы бағыттағы дәрігерлерден бұрын фельдшер, медбике сынды қызметкерлер жетіспейді.
Сарыкөл ауданына қарасты Тимирязев ауылы аудан орталығынан шамамен 40 шақырым жерде. 1000-нан аса тұрғыны бар елді мекендегі амбулаториялық пункт бір жылдан бері қаңырап бос тұр. Себебі мұнда жұмыс істеген терапевт пен фельдшер зейнетке шығып кеткен соң, орнына маман табылмаған.
Любовь Рубцова, ауыл тұрғыны:
Бізге аптасына бір рет медбике, терапевт аудан орталығынан қатынайды. Жақында медициналық автобус келіп кетті. Алайда аяқ астынан көмек керек бола қалған жағдайда жедел жәрдемді аудан орталығынан шақырамыз.
Наталья Дмитриева, ауыл әкімінің міндетін атқарушы:
Тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы дәрігердің келетіні алдын ала хабарланады. Кей процедура түрі осында өтеді, медициналық жолдама, анықтама беріледі, зертханалық талдаулар жасалады. Қалған күндері пункт жабық тұрады. Әзірге мәселенің жалғыз шешімі осы. Ал жас мамандардың ауылға келгісі жоқ.
Облыста соңғы екі жылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 25 фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Медициналық нысандар бой көтергенмен, онда жұмыс істейтін мамандар тапшы.
Нұрқожа Байқұнов, Саурыкөл аудандық бас дәрігердің м.а.:
Бүгінгі күнде ауылдарда 4 медициналық қызметкер жетіспейді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысамыз. Сондай-ақ Қостанай жоғары медициналық колледжі, сосын Ақтөбеде медициналық колледж, Көкшетауда бар. Соның бәріне қатысамыз. Келемін деушілер бар.
Ал облыс бойынша биыл медицина қызметкерлерінің қатары 346 адамға толықты. Әлі де осынша кадр қажет. Сондықтан қалаға жұмысқа барған маман үшін 3,5 миллион теңге, ал шалғайдағы елді мекенге орналасқаны үшін 5-7 миллион теңге көтермақы қарастырылған. Десе де ауылдық жерде қызмет етуге ынта білдірушілер аз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы