Еліміздегі барлық жылу электр орталықтарының техникалық жағдайы жоспардан тыс тексерілуі қажет. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы жауапты ведомствоға осындай тапсырма берді.
Үкімет басшысы алдымен Қызылжарда көктемде мұржасы құлаған жылу орталығына барды. Қалпына келтіру жұмыстарын баяндаған «СевКазЭнерго» компаниясының басшылығына жабдықтарды мұқият тексеру тапсырылды. Жұмыс уақытында аяқталуы тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Жұмыстың кестеге сай жүргізілуі маңызды. Кешіктіруге болмайды. Мемлекеттік сараптаманы жеделдету керек. Жағдайды есепке алып, мұржаны уақытылы қалпына келтіру шарт. Компания басшылығы барлық қажетті қаражатты табуы керек».
Теріскейдегі ғана емес, елдегі барлық жылу электр орталықтары мен су электр станцияларының техникалық жағдайын жоспардан тыс тексеру қажет. Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне осыны тапсырды.
Облыс орталығындағы электротехникалық зауыт жылына 13 мың трансформатор шығарады. Өнімнің 98 пайызы Ресейге экспортталады. Кәсіпорын жұмысын толық бастағанда 350 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Әлихан Смайылов жобаның іске асырылуы өңірдің машина жасау саласына оң әсерін тигізеді деді. Бұған қоса, шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуы тиіс.
Ғазиз Қалдыбеков, жұмысшы:
«Трансформаторларды шағарамыз. Әрі қарай корпусын қалап, жауып, әрі қарай дайын өткізіле береді. Бізге осылай катушка келеді. Магнит кесіліп келеді. Осылай қалап, позицияларымен қойып-қойып, туралап береміз».
Солтүстік Қазақстан - еліміздің басты астықты өңірлерінің бірі. Майлы дақылдардың егіс алқабы, шамамен, 1 млн гектарға жетті. Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарының барысын көріп, шаруалармен кездесті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министр:
«Басты міндет – өнімділікті арттыру. Республикалық бюджеттен бөлінген әр теңге өнімділікті ынталандыруға бағытталуы тиіс. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдарға өңірдің ерекшелігіне және жағдайға байланысты субсидиялардың өзге де түрлерін беруге құқық береміз. Қазіргі субсидиялау жүйесі тиімсіз, біз мұны мойындауымыз керек. Субсидиялаудың жаңа тәсілдерін сіздермен бірге қабылдаймыз».
Кездесу аясында бұдан басқа салық салу, кадрларды даярлау, тыңайтқыштар жеткізу және ішкі нарықта өнімдерді сатып алу бағаларына қатысты мәселелер пысықталды. Премьер тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын бақылауда ұстауды тапсырды.
Дарын Сағитов