Елімізде таксопарктер әрбір 10-шы көлікті мүгедек жандар үшін бейімдеуі тиіс
Таксопарктер әрбір 10-шы көлікті мүгедек жандар үшін бейімдеуі тиіс. Олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасында осындай норма қарастырылған. Құжатта бұл санатағы азаматтардың жағдайын жақсарту, көмек көрсету тетіктері жазылған. Бүгін мәжіліс депутаттары осы құжатты қызу талқылап, мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселелерін көтерді.
Мүгедектігі бар адаммен санаторлық-курорттық емделуге еріп барған ата-ана осы күнге дейін қаржыны өздері төлейтін. Себебі бұл мақсатқа тек Елорда, Павлодар және Қарағанды облысы ғана қаржы бөліп келді. Ал енді бұл шығынды мемлекет толықтай өз мойнына алады.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Қаражат бөлініп жатыр. Оның 5 млрд теңгеге жуығы осы азаматтардың, ертіп барушы, яғни ата-анасы немесе заңды өкілінің сол жердегі бірінші қажеттілігі, жатын орны, тамағы сияқты дүниенің ақшасы енді республикалық бюджеттен төленетін болады. Бұл ең басты нормалардың бірі.
Таксопарктер әрбір 10-шы көлікті мүгедектігі бар адамдарға бейімдеуге міндеттеледі. Ал депутаттардың айтуынша, жарымжан жандардың жүріп-тұруында қиындық көп. Мысалы, сол инватаксидің игілігін ауыл тұрғыны көре алмайды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Егер олар басқа қалаға барса немесе Елордаға келіп емдеуден өтетін болса, оларға инватакси қызмет көрсетпейді. Екіншіден, көбі теміржолмен жүреді. Поезд вагондарында олардың мініп-түсуіне арналған арнайы құрылғылар жоқ.
Руслан Сакеев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
Бізде бюджеттік заңнамаға байланысты көлікпен жүруді қаржыландырудың шығыны жергілікті атқарушы органдардың есебінен болғандықтан, мүгедектігі бар адам сол жерде тіркеліп, сол жерде ғана қызмет ала алады. Бұл қазір заңнамада қиындық туғызып отыр. Болашақта бұл сұрақтарды басқаша шешу жолдарын қарастырамыз.
Осы санаттағы ауыл азаматтарына көмек көрсету жайын депутаттар егжей-тегжейлі сұрады.Салаға жауапты вице-министр болса, заңда барлық жағдайлар ескерілгенін тілге тиек етті. Керек кезде мамандар мұқтаж адамға барып әлеуметтік қызмет те көрсетеді, ақыл-кеңес те береді деп сендірді.
Руслан Сакеев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
Өмірде әрине қиындықтар бар, өйткені кей жерлерде салғырт, немқұрайлы қарауы мүмкін. Бірақ, ондайды болдырмас үшін, арыз болса, көмек көрсетіледі.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы бойынша 11 кодекс және 64 заңға өзгеріс енгізілмек. Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмек енді "абилитация" деген бір сөзбен айтылады. Өзгермейтін диагнозды жыл сайын дәлелдетпей, кей ауру түрлеріне мүгедектікті сырттай белгілеу де заң жүзінде бекітілмек.
Берік Көшербай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы