Украинадағы әскери қақтығыс үшінші айға ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы әскери қақтығыс үшінші айға ұласты

25.04.2022

Украинадағы әскери қақтығыс үшінші айға ұласты. Ресей күштері Донбастағы Луганск пен Донецк облыстары үшін шабуылда күшейтті. "Азовсталь" зауытын да штурммен алуға әрекеттеніп жатыр. АҚШ Украинаға, өзімен одақтас және серіктес 15 елге 700 миллион доллардан астам әскери көмек бермек.

Вашингтон Украинаға, Орталық және Шығыс Еуропаның бірқатар еліне 713 миллион доллар көлемінде әскери көмек бермек. Оның 322 миллион доллары Украинаға қару сатып алуға және оның армиясын қайта жабдықтауға бөлінеді. Бұл мәлімет АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Киевке барып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен, сыртқы істер және қорғаныс министрлерімен кездескеннен кейін жарияланды. Жүздесу 3 сағатқа созылған. Энтони Блинкен америкалық дипломаттар осы аптада Украинаға оралатынын айтты. Бұған дейін Украина лидері Құрама Штаттардан Донбасстағы шайқас үшін ауыр қару сұрайтынын мәлімдеген еді. "Рейтер" агенттігінің мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргелі Вашингтон Киевке 3 миллиард 700 млн доллар әскери көмек берген.

Ресей армиясы зауытқа соққы берді

Ал Киевті ала алмаған Ресей армиясы бүгінде Донбасстағы Луганск және Донецк облыстары үшін шабуылды үдетіп жатыр. Сонымен бірге Ресей армиясы Мариупольдегі мыңға жуық бейбіт тұрғын мен екі мыңдай украиналық жауынгер бекінген «Азовсталь» болат зауытына әуеден соққы беріп, оны штурммен алуға әрекет жасап жатыр. Өткен аптада президент Владимир Путин бұл зауытты шыбын өтпейтіндей етіп бұғаттауға бұйрық берген еді.

Төтенше жағдай. Мұнай базасы өртенді

Тағы бір мәлімет. Ресейдің Брянск қаласындағы мұнай базасында таңертең алапат өрт тұтанды. Төтенше жағдай кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Бұған қоса, өрттің Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысы бар ма, жоқ па - ол жағы белгісіз. Дегенмен өткен аптада Ресей билігі Украина тікұшақтары осы маңдағы тұрғын үйлерге соққы беріп, одан жеті адам жараланғанын мәлімдеген еді. Қазір болған оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

Арай, Төлегенқызы, Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу