Таулы Қарабақтағы қақтығыс үшінші күнге ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таулы Қарабақтағы қақтығыс үшінші күнге ұласты

29.09.2020

Әзірбайжан мен Армения әскерлері арасындағы қақтығыс үшінші күнге ұласып отыр. Ал, жексенбіден бері Таулы Қарабақ күштері 84 сарбаз жоғалтқан. Президент Ильхам Әлиев болса өз елінде 10 бейбіт тұрғынның мерт болғанын мәлімдеді. Болжамдарға қарағанда, бұл жанжал ауқымды соғысқа ұласып кететін болса оған Ресей, Түркия тәрізді аймақтық державалар килігуі мүмкін. 

Әзірбайжан мен Армения арасында қарулы қақтығыстар жалғасып, үшінші күнге ұласты. Бүгін тараптар ауыр артиллерияны да қолдана бастады. Әзірбайжан қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Армения Таулы Қарабақта жоғалтқан территорияларын қайтаруға әрекет жасап жатыр. Ереван бұл мәліметті жоққа шығарса да, әскери жанжалдың түні бойы тоқтамағанын хабарлады. Өткен тәуліктің өзінде Таулы Қарабақ күштері 58 жауынгерінен айырылған. Алайда, Армения мен Әзірбайжан әскері қанша сарбаз жоғалтқаны әзірге белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, екі жақтан жүздеген бейбіт тұрғын жараланып, бірнешеуі қаза тапты. 

Игорь Геворкян, Таулы Қарабақ тұрғыны:
-Біз балаларымызды сыртқа алып шықтық, қашсын, жасырынсын деп. 9 жасар қызым артиллериялық шабуылдан немесе бомбадан мерт болды. Кішкентай ұлым да жаралы. Әйелім ауруханада жатыр. 

Бұл жанжал ауқымды соғысқа ұласса Оңтүстік Кавказ аймағының тұрақтылығы бұзылып, Каспийден Әзірбайжанның мұнайы мен газын әлем нарығына жеткізу қиындауы мүмкін. Сонымен қатар, қарулы жанжал мейлінше өршитін болса оған Ресей, Түркия сияқты аймақтық державалар килігуі ғажап емес. Мәскеу үшін Армения – экономикалық, саяси, әскери одақтас. Сондықтан, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасап Таулы Қарабақтағы жағдайға Мәскеудің қатты алаңдап отырғанын жеткізді. Ал, Түркия өзі тәрізді түркітілдес Әзірбайжан жағында.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
-Әзірбайжан жерін шабуылдаған Арменияны айыптаймын. Түркия дос әрі бауырлас Әзірбайжанды бар ресурстарымен, шын жүрегімен қолдайды. 

Әзірбайжан аумағында орналасса да, этникалық армяндар басқаратын Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін ешқандай ел мойындаған жоқ. Және де ол - халықаралық заңдар бойынша Әзірбайжан территориясы. Мазасыз аймақ Армения бақылауына 1992-1994 жылдардағы соғыс кезінде өткені белгілі.

Арыстан Рысбек




Хабарламаларға жазылу