АҚШ Украинаға алыс қашықтыққа арналған 90 гаубицаның жартысын жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Украинаға алыс қашықтыққа арналған 90 гаубицаның жартысын жеткізді

28.04.2022

Украинада әскери қақтығыс 64-күнге ұласты. Батыс барлаушыларының мәліметінше, Ресей армиясы Донбасста айтарлықтай алға жылжыған жоқ.

Оларға Украина әскері қатаң қарсылық танытып жатыр. Ал АҚШ осы елге уәде еткен алыс қашықтыққа арналған 90 гаубицаның жартысын жеткізген. Мұны Пентагон мәлімдеді. Украина қарулы күштерінің 50 жауынгері осы қарумен жұмыс істеуді және атуды үйренген.

Ал Ресейдің Украинамен арадағы шекарасына жақын бірнеше ауданда жарылыс болды. Өткен түнде Белгород қаласында әскери қоймалар өртенген. Жарылыс жаңғырығы кеше де естілді. Сәрсенбінің кешінде Украина президенті кеңсесінің өкілдері Ресейдің Украинамен шекаралас аудандарында қоймалар жарылып, жағдай тек ушығатынын мәлімдеген еді.

Ресей президенті Владимир Путин Украинада болып жатқан оқиғаларға араласқан елдерге шұғыл жауап беретінін ескертті. Кремль басшысы мұндай соққы беру үшін Ресейде барлық қажетті құралдың бар екенін және керек болса, оларды қолданатынын айтты. Кейбір басылымдардың хабарлауынша, бұл мәлімдемесі арқылы Путин ядролық қаруды меңзеп отыр. Сонымен бірге Ресей президенті Украинадағы «арнайы әскери операцияның» жоспарға сай жүріп жатқанын, Мәскеудің әрекеті дұрыс және уақтылы болғанын мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу