Қант тағы қымбаттай ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қант тағы қымбаттай ма?

03.04.2022

Ресейге салынған санкциялар бізге де ауыр тиді. Тіпті, осы аптада қарапайым қағаздың өзі қымбаттады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше6 А4 форматтағы қағаздың бір қорабы 1500 теңге болса, қазір кемі 3 мың теңге.

Нариман Әбілшайықов, «АТАМЕКЕН» ҰКП басқарма басшысының міндетін атқарушы:
– Неге десеңіз, Ресей федерациясы осы қағазды шығаратын ағашты Еуропаға апарады, Еуропадан қағазды өңдеп бізге жібереді.

Ал қазір Еуропа қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді Ресейге сатпай отыр. Осыған байланысты көрші елде өндіріс құлдыраған. Негізі Қазақстанды қамту үшін жылына А4 форматындағы қағаздың 20 млн қаптамасы қажет. Былтыр оның 61 пайызы Ресейден әкелінген. Ал 30 пайызы Түркиядан, 8 пайызы Қытайдан тасымалданған. Демек, 95 пайыздан астамы импортта. Ал өзіміз өткен жылы А4 қағазының 600 мың бумасын шығарғанбыз. Елде 2 зауыт болған еді. Бірақ Шымкенттегі «Qagaz Ordasy» зауыты былтыр жабылып қалған.

Қанат Әлімбаев, фабрика басшысының орынбасары:
– Біздің тоқтап қалу себебіміз, 2020 жылы Алматы облысы әкімдігімен шарт жасағанбыз. Соны қараша айында жеткізгенбіз. Олар техникалық талап бойынша Еуропа қағазын алып келіңдер деді. Біз өз қағазымызды апарсақ, қабылдамай, сот арқылы тізімге енгізді.

Бұл шарт отандық өндірушілерді қолдау бағдарламасы аясында жасалған. Яғни, мемлекеттік мекемелер өзімізде жасалған өнімді алуы тиіс. Бірақ, зауыт сонда да сотта жеңілген. Әйтпесе, жылына 3 млн қағаз шығаруға қауқарлы.

Қанат Әлімбаев, фабрика басшысының орынбасары:
– Біз енді толықтай айналысатын болсақ, Қазақстандағы тапшылықтың 20 пайызын жоямыз деп ойлаймын. Шикізатты шет елден алдырамыз. Ресей елінен, Финляндиядан қағаз келмей жатқандықтан бұған дейін әкелінген тауарды, көтерме сауда дүкендері дейді ғой, солар сәл қымбаттатып сатып жатыр.

Қағаздың қымбаттауы басқа кәсіптерге де әсер етіп жатыр.

Нариман Әбілшайықов, «АТАМЕКЕН» ҰКП басқарма басшысының міндетін атқарушы:
– Кейбір кәсіпкерлер мемлекетпен кітап шығару үшін белгілі бір бағаға келісім жасап қойған. Мына қағаздың өсуіне байланысты Үкімет тарапынан осы бағаны қайта қарауға мүмкіншілік жасауға бет бұрып отыр.

Осыған қарамастан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қағаз тапшылығы болмайды деді. Бірақ баға арзандай ма дегенге нақты жауап бермеді. Ал екі аптадан бері елде қант қымбат. Оның себебі де Ресеймен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың шарттарына байланысты,-дейді экономист.

Алмас Чукин, экономист:
– Одақ аясында Ресей және біз қантты өзімізде ғана өндіруге келістік. Шет елдік импорттық шикізаттан бас тарттық. Бірақ бұл Ресейге ғана тиімді. Оларда өндіріс дамыды, бізде тұралады. Ал қазір олар бізге қант сатуды шектеді, сонда бұл қолдан жасалған қымбатшылық емес пе?

Ресми ақпарат бойынша, шекердің 58 пайызы сырттан келеді. Өйткені, елдегі зауыттардың жағдайы мәз емес.

Ербол Қарашөкеев, ауыл шаруашылығы министрі:
– Негізі Қазақстанда Кеңес одағы кезінен 8 зауыт болды ғой. Бүгін Көксу қант зауытына келіп отырмыз, жабдықтары 1932 жылы Украинадан әкелінген, ішіндегі ең маңызды құрылғылар бұрынғыдан қалған. Қазір 8 зауыттан 4 зауыт қалды. Қазір жаңа зауыттарды соғу мәселесі қарастырылып жатыр.

Зауыт салу ұзақ процесс. Ал бір көтерілген қант бағасы енді түспейтін сынды. Себебі, биыл шаруалар да қызылша егуді азайтқан. Себебі, өзін-өзі ақтамайды,-дейді.

Абай Тілеубаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Бірінші мәселе – баға. Бағасын реттемей, ешкім екпейді. Өйткені, қазір қант қызылшасына 27 теңге белгілеп отыр. Үкімет 14 мың береді, зауыт 13 мың теңге. Шамамен, 30-дан төмен болмауы керек.

Үкімет 17 теңге субсидия берсе, зауыт 17 теңге берсе, елдің бәрі егеді. Бірақ қант өндіретін зауыт басшылары да бағаны өсіруге мүмкіндік жоқ екенін айтады.

Алтынбек Абатов, қант зауытының директоры:
– Қымбатшылық тек шаруа қожалықтарында емес, олар да тыңайтқыштардың қымбаттап кеткенін айтуда.

Бізде де Ресейден алатын көмірдің өзі 85 пайызға қымбаттап кетті. Осылайша, қанттың құнына қатысты министрде де нақты болжам жоқ.

Ербол Қарашөкеев, ауыл шаруашылығы министрі:
– Қантты 800-900 ден сатып алудың қажеті жоқ. Кезіндегі 350-ден беріп жатқан, 311-ден беріп жатқан қант қазір 500-600-ге тақап қалды. Осы деңгейде сақталады деп ойлаймын.

Министр мәліметінше, қазір елде 34500 тонна қант қоры бар. Сондықтан тапшылық болмайды. Ал бағаны реттеу үшін экспортқа тыйым салынуы мүмкін. Бірақ бұл диқандарға тиімсіз болмай ма? Ол сұрақ та жауапсыз. Ал осы қағаз бен қанттың өзі елдегі өндірістің қай деңгейде екенін көрсетті. Экономистер болса, қымбатшылықтың бір себебі Еуразиялық Экономикалық Одақтың бізге тиімсіз шарттарында,-деп отыр.

Магбат Спанов, экономист:
– Соңғы жылдары біз үнемі жеңіліп келеміз. Өйткені Ресейдің экономикалық қысымына ғылыми тұрғыда жауап беретін аргументіміз жоқ. Ал осы жағдайдан кейін одақ жұмысының алгоритмін өзгерту керек. Ресей еркін сауда айналымы болатынын айтты да, қазір өздері контрсанкциялық әрекеттерді бастап, өнімдерін одақ елдеріне шығармай отыр. Бұл дұрыс емес.

Алмас Чукин, экономист:
– Эуразиялық экономикалық одақтағы тауар айналымының 90 пайызы Ресей мен Беларуське тиесілі. Қалғаны Қырғызстан, Армения және біз. Сонда санкциялар салдарынан одақтың көп бөлігі әлемдік сауда айналымынан үзілсе, біз ары қалай жұмыс істейміз?

Ресми мәлімет бойынша, Ресей мен Қазақстанның жылдық тауар айналымы 22 млрд теңге. Бірақ Алмас Чукиннің сөзінше, оның бәрін Ресейдің тауары деп қарамау керек.

Алмас Чукин, экономист:
– Біз Ресейден алып отырған тауардың көбі танымал Батыс зауыттарының өнімі. Қазір олар кетіп жатыр.
Сондықтан, Польша, Финляндия арқылы сол зауыттардан тікелей тасымалдау бағыттарын ойластыру қажет.

Бірақ ол да тез шешілетін шаруа емес. Өйткені осыған дейін теміржолмен жеткізілетін жүктің көбі Ресей арқылы тасымалданды. Экспорт та солай. Мәселен, былтыр Қазақстан сыртқа 81 млн тонна жүк шығарған. Оның 41 млн тоннасы Ресейге, 19 млн-ы солар арқылы үшінші мемлекеттерге экспортталған. Сондықтан жүк тасымалының басқа бағыттарын қарастырған жөн. Ал Ресей өз тауарларын экспорттауға тыйым салуында экономикадан бөлек саяси мән де бар. Өйткені олар осы арқылы Орта Азияда тапшылық тудырып, өзге елдер Ресейге салынған санкцияға қарсылық білдірсін деген астар болуы мүмкін,-дейді экономист.

Хабарламаларға жазылу