Astana Hub-та тіркелген компаниялар жасырын майнингпен айналысқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Astana Hub-та тіркелген компаниялар жасырын майнингпен айналысқан

31.03.2022

Astana Hub IT орталығында тіркелген 5 бірдей компания стартап жобалармен емес, жасырын майнингпен айналысқан. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына ауқымды аудит жүргізген Есеп комитеті қулықты әшкере қылды. Цифрландыру бағытында түрлі IT жобаларды дамыту үшін, ауқымды бағдарламалар әзірленіп, бюджеттен миллиардтар бөлінген. Бірақ қыруар қаржы мақсатсыз жұмсалғаны анықталып отыр. Яғни Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қажет деңгейде бақылау жүргізбеген. Салдарынан халықаралық орталыққа заңсыз майнингпен айналысатын 5 бірдей фирма кіріп кеткен. Олар көлеңкелі кәсіппен айналысып қана қоймай, салықтық жеңілдіктер секілді түрлі мемлекеттік қолдауға ие болып келген.

Ақылбай Ыбыраев, ҚР Есеп комитеті мемлекеттік аудит жүргізу бөлімінің басшысы:

Олардың бәрі «Astana hub» ұйымының базасында 8,5 млрд теңгенің преференцияларын алған. Оның ішінде салық жеңілдіктері, кеңсе жалдау сияқты басқа да стартап жобаларға берілетін қолдауға ие болған. Қолданыстағы заңнама бойынша олардың бұл әрекетін заңсыз деп айтуға келмейді. Заңнаманың ескерусіз қалған тұсын пайдаланған деуге болады. Сондықтан біз бүгін осы олқылықты реттейтін заңнамалық өзгеріс енгізу мәселесін ұсынып отырмыз.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша майнигпен айналысқан компаниялар Астана Хаб технопаркінде IT фирма ретінде тіркелген. Өздерін ақпараттық талдаумен айналысамыз деп көрсеткен. Бірақ қулығына құрық бойламайтындар жасырын жолмен криптовалюта өндіріп келген. Қазір барлық құжат құзырлы органдарға берілді. Ал мұндай жағдай қайталанбас үшін Astana HUB-қа тіркелу ережесіне өзгерістер енгізіп, бақылауды күшейту мәселесі қаралып жатыр.

Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

«Astana hub» орталығында 655 қатысушы тіркелген. Олардың 5-еуі заңсыз майнингпен айналысқан. Бірақ біреуі ғана мойындап, қалған 4-еуі мұны жоққа шығарып отыр. Олармен соттасу оңай болмайды. Өйткені заң бойынша тіркелген және ақпараттық талдау жұмыстарымен де қосымша айналысқан. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу