Солтүстік өңірлерге қоныс аударғандарға қандай көмек көрсетіледі?
Жалпы көшіп барғандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 7 миллион теңгеге дейін (1625 АЕК) беріледі. Жыл басынан бері халық тығыз орналасқан аймақтардан Солтүстік Қазақстан облысына 3 мыңға жуық адам қоныстанды.
Елдос Есенбол, тілші:
Иә, аты айтып тұрғандай бұл расында сертификат. Қолма-қол ақша бермейді. Тұрғын үй құнының белгілі бір пайызын төлеп береді. Мысалы егер 10 миллион теңгенің баспанасын алсаңыз оның 5 миллионын мемлекет өтейді. Бірақ көмек 1 625 АЕК-ден аспайды. 2026 жылғы есеппен 7 028 125 теңге. Бұл бір рет берілетін қайтарымсыз көмек. Онымен ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге де болады.Тағы қандай ұтқыр қолдау бар? Біріншіден, көшіп келген отбасының әр мүшесіне 70 АЕК, яғни 302 750 теңге біржолғы төлем бар. Екіншіден, жаңа жерде бірден үй ала алмағандарға 12 ай бойы баспана жалдау ақысы беріледі. Оның мөлшері отбасы мүшелерінің санына қарай айына 64 мыңнан 129 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ коммуналдық шығындары өтеледі. Үшіншіден, адамға жұмыс табуға немесе кәсіп бастауға көмектеседі. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жібереді.Мысалы Петропавл қаласына қоныс аударып тұрақтағандардың бірі Мағжан Әмірбек. Ол қазір электротехникалық зауыттың жұмысшысы. Өзі үшінші курс студенті.
Мағжан Әмірбек, зауыт жұмысшысы:
Мен 2023 жылы қыркүйек айында осы Петропавл қаласына көшіп келдім. Оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы бойынша. Бірінші қайтарымсыз ақша береді. Оны алдым. Трансформатор ішіндегі катушкаларды ораушы болып жұмыс атқарамын.Тұрып жатқаныма үш жыл болды. Осы зауыттан үй алғам. Екі жыл болды.
Елдос Есенбол, тілші:
Тағы бір маңызды нәрсе: көшіп келген адамға ғана емес, оны жұмысқа алған жұмыс берушіге де ынталандыру бар. Талапқа сай жұмыс берушіге әр қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде біржолғы субсидия беріледі. Ол үшін қызметкер кемінде екі жылға тұрақты жұмысқа қабылданып, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі керек.Өңірлердің тізімі жыл сайынғы квотаға қарай өзгереді. Мысалы, 2023–2024 жылдары 8 облысқа көшіп бару мүмкін болса, 2025 жылдан бастап 7 облыс: Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстары. Ал Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары жұмыс күші артық өңірлер деп бекітілген. Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 2 820, Қарағанды облысына 37 адамға квота бөлінген. Бұдан бөлек 2281 қандастар квотасы бар.Ал талаптарына келсек, ең бастысы азамат жұмыс іздеуші немесе жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы немесе eGov порталы арқылы береді. Қандастар Migration.enbek.kz сайты арқылы өтініш бере алады. «Нақты мынадай маман керек» деген талап жоқ. Еңбек күшінің тапшылығы әр өңірде әртүрлі.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Біздің басты мақсатымыз әр жұмыс жасап жатқан адамның еңбек шарты бар ма, жоқ па соны анық білу. Себебі қазір еңбек кодексіне байланысты біз өзіміз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз әр жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында еңбек шарты болуы керек. Ол деген біріншіден еңбек құқығын қорғайды. Әлеуметтік құқығын қорғайды.
Елдос Есенбол, тілші:
Бұл жерде «қанша адам көшті» дегеннен гөрі «қанша адам сол жерде тұрақтап қалды?» деген әлдеқайда маңыздырақ. Солтүстік Қазақстан облысының сегіз ауданына 2024–2025 жылдары 375 отбасы қоныстанған. Соның ішінде 49 отбасы кері көшіп кеткен. Бұл көші-қон комитетінің ресми дерегі. Бірақ олардың не себепті қайта көшіп кеткендері айтылмаған. Яғни талдау жоқ. Демек ең әуелі осыған баса назар аудару керек.Және тағы мынадай статистика бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге 5285 адам көшкен. Қандастарды қосқанда 7594 адам. Соның 73 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалған 27 пайызы ресми уақытша жұмыссыз немесе қайта даярлау мен кәсіптік оқыту курсына қатысушы мәртебесінде тұр. Статистиканың арифметика сияқты дәл емес екенін білеміз…Мұндай жобалады одан ары ширата түсу үшін қазіргі еңбек министрі Ертаев «адам келсе кеңес беріп, келмесе... жұмысын жалғастыра беретін» орталықтар «дұрыс жұмыс істеуі керек» дейді.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Қазір бұл орталықтар өздерінің жұмыстарын өзгертуі керек. Себебі қазір олар барлық оңтүстік жаққа Алматы қаласы болсын, Алматы облысы болсын сол жаққа өздерінің ақпараттық жұмыстарын жеткізуі керек. Осындай орталық бар, ол орталық келген қандастарымызды жұмыс жағынан отбасына балабақша, мектеп болсын соған қалай көмектерін алатынын ашық жариялау керек. Бүгінгі Мансап орталықтары адам келсе оған консультация береді. Келмесе солай ары қарай жалғастыра береді жұмыстарын.
Елдос Есенбол, тілші:
Бағдарламаның басты мақсатының бірі селдіреп бара жатқан ауылдарды толтыру. Сондықтан қандастар квотасы енді тек ауылдарға ғана бөлінеді. Бастысы жетер жеріне жетсе дейміз. Себебі 2024 жылы Бас прокуратура оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасына бөлінген 1 миллиард теңгенің жалған құжаттар арқылы жымқырылғанын анықтаған. Ал былтыр Павлодарда Мансап орталығының екі маманының азаматтарды «арзан үй алып береміз» деп алдап 144 миллион теңге залал келтіргені белгілі болды...
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Қазір біз ол саясатты өзгертіп жатырмыз. Квота тек қана ауыл жаққа бөлінеді. Қалаға ондай квота болмайды. Сол себепті барлық қандастарды осы белгіленген жеті аймақ толық тартуы керек. Себебі қандас мәртебесін алу осы солтүстік аймақтарда шешіледі.
Елдос Есенбол, тілші:
Иә, жердің бос
қалмауы үшін адам керек. Бірақ адамды жерге байлау үшін тек үй мен ақша
жеткіліксіз. Оған жұмыс, мектеп, орта және ең бастысы ертеңіне деген сенім
керек!
Автор
Елдос Есенбол
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Елімізде мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізілді
16.08.2026, 20:17
Президент: Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес
16.08.2026, 20:12
Алматыда көлік жүргізушісін ұрып, есінен тандырған күдікті ұсталды
16.08.2026, 20:11
Елімізде алимент төлемей жүргендердің қарызы 18 млрд теңгеден асқан
16.08.2026, 20:09
Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды
16.08.2026, 20:04
Қостанайда құны 14 млрд теңгеден асатын технологиялық өндірістік кешен ашылады
16.08.2026, 19:56
Зейнетақы жинағын инвестициялау: Кімдерге тиімді? Шарттары қандай?
16.08.2026, 18:37
Ұлттық құрама 16 рекорд жаңартты
15.08.2026, 20:19