Зейнетақы жинағын инвестициялау: Кімдерге тиімді? Шарттары қандай?
Қыркүйектен бастап жинап жатқан зейнетақы ақшасын толықтай жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беруге рұқсат. Лимит 50 пайызға дейін еді. Тәртіп, бірақ бұрынғыдай – ақшаны мерзімінен бұрын ала алмайсыз. Бұл тақырыпты ылғи қозғаймыз. Әрдайым өзекті болғасын қозғай береміз.
Зейнетақы жинағындағы қаражатты инвестициялаймын деп шешім қабылдаған адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке кабинеті арқылы жаңағы компанияларға онлайн өтінім бере алады немесе қор бөлімшелеріне барып ортақ шарт жасай алады. Келісім жасалған соң инвестициялық басқару компаниялары сіздің қаражатыңызды түрлі қаржы құралдарына құяды. Бірақ, ескеретін бір жайт, қордағы қаражатыңыз жеке басқарушы компанияның шотына аударылмайды. Зейнетақы қоры әр аударымды өтінім арқылы тікелей инвестициялауға бағыттайды. Мысалы, олар мемлекеттік бағалы қағаздар немесе халықаралық түрлі акция, облигацияларға инвестициялайды. Егер бәрі сәтті жүзеге асса, қордағы қаражатыңызды еселеуге болады. Демек, қартайғанда алатын зейнетақыңыз көбейеді деген сөз. Ал инвестициялық басқару компанияларына талап өте қатаң.
Айдын Дәулетбақ, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары:
Инвестициялық басқару компаниясының 440 мың АЕК көлемінде меншікті капиталы болуы тиіс. Сонымен қатар, 5 млрд теңгеден асатын активтерді кемінде 3 жыл басқару тәжірибесі бар ірі акционер болуы және оның рейтингі 3 «Б»-ден төмен емес резидент болуы талап етіледі.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Бақылау өте қатаң. Зейнетақы жүйесін басқару үшін белгілі бір капиталың болуы керек. Егер капиталың төмендеп кетсе, лицензияңнан айырылып қаласың. Ұлттық банк оны үнемі бақылап отырады. Сондықтан олардың кез келген адамның табысын қайтарып беретін резервтік буфер капиталы болады. Сол себепті олардың бәрінде белгілі бір кепілдік бар.
Яғни сізде екі таңдау бар. Зейнетақы қаражатыңыз бұрынғыдай бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақтала береді, оның активтерінің табыстылығы 10-11 пайыз. Немесе жаңағы атап өткен инвесткомпаниялармен шарт жасап, қаражатты көбейтудің қамына кірісесіз. Олардың жылдық кірісі әртүрлі. Мысалы, мына кестеде көрсетілгендей, 11-ден басталып, 18 пайызға дейін жеткендер бар. Мәселен, зейнетақы қорыңызда 7 млн қаражат болса:
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
7 млн теңгенің жылдық табысы 20 пайыз болса, сол 7 млн теңге 8 млн 400 мыңға дейін көбейеді. Бір жылда 7 млн теңгеңіз 8 млн 400 мың теңгеге артады. Сол – сіздің табысыңыз. Табысты сіз қолма-қол алмайсыз, ол жинағыңызға қосылып, көбейе береді. Кейін зейнетақы жасына шыққанда аласыз.
Заңға сәйкес, инвестициялық портфельді басқарушы компания инвестициялық кірістің 7,5 пайызынан аспайтын мөлшерде комиссия алады. Мысалы, сіздің жинағыңыз 10 млн делік. 1 млн пайда түссе, компания содан 75 000 теңге пайда көреді.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Әр жылдың қорытындысы шығады ғой. 18-20 пайызға жеткізгендері бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ортасында жүреді. Негізі, соңғы 3-4 жылды алып қарасақ, басқарушы компаниялардың табысы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан көбірек кішкене.
Балжан Бақытқалиқызы, кәсіби бухгалтер, салық сарапшысы:
Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы жинағы 10,29 пайыз пайда әкелген. Ал жеке басқарушы компанияларға беретін болса, ол жақта табыс 11-19 пайыз аралығында. Ақшаның өсуі сіз таңдай алатын қорға байланысты.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері ұзақ жылдан бері Ұлттық банк басқарып келді. Олар қаражаттың үлкен бөлігін қауіпсіз, бірақ кірісі төмен мемлекеттік бағалы қағаздарға салады. Алайда мұндай консервативті тәсілдің кірісі инфляция деңгейінен аспайды. Бұған дейін қордағы зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляция деңгейінен төмен болса, мемлекет белгіленген тәртіппен айырмасын өтеп келген. Енді келер жылдан бастап бұл кепілдік механизмі өзгереді. Оның орнына азаматтарға жинағын жеке басқарушы компанияларға беріп, жоғары табыс табу мүмкіндігі ұсынылып отыр.
Алтынай Қозиева, Зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясының өкілі:
Мемлекет өз тарапынан жүктемесін азайтқысы келіп тұр. Мемлекет БЖЗҚ-дағы барлық салымшылардың қаражатын басқарып жатыр. Олар инвестициялық табыс беріп жатыр. Бірақ инвестициялық табыс беру үшін ол қағаздарды пайдалану керек. Бағалы қағаздарды алып жатқанда, сатқанда стратегиясы дұрыс болу керек. Мысалы, соңғы айларда инвестициялық табыс түсіп жатыр. Өспейді, ол неліктен? Сондықтан өзінен артық салмақты алып тастау үшін беріп жатыр.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Жекеменшік нарыққа да орын беру мақсатында мемлекет бұл нарықтағы монополиясын беріп жатыр. Ол өте жақсы. Біріншіден, жаңа нарық пайда болады. Бұған дейін басқарушы компаниялардың қолында ұстап, басқарып келген сомасы өте күлкілі болатын. Мысалы, 26 трлн біздің жинақтаушы зейнетақымыз деп есептесек, соның 0,35 пайызын ғана солардың қолында ұстап келген болатын.
Жеке компаниялар халықтың зейнетақы ақшасын тек шетелдік акцияларға ғана емес, ел ішіндегі түрлі бизнес жобаларға, инфрақұрылымға және өндірістік секторларға бағыттай алады. Бұл жалпы ел экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да септігін тигізеді. Негізі әлемде бұл тәжірибе кеңінен дамыған, шамамен бір ғасырлық тарихы бар. Мысалы, Канада, Дания, Нидерланд және Швеция секілді елдер бұл салада озық тұр. Аталған мемлекеттерде зейнетақы қорларының активтері өте ауқымды және оларды кәсіби басқарушылар акцияларға, инфрақұрылымға, жылжымайтын мүлікке және басқа да ұзақ мерзімді жобаларға инвестициялайды. 2024 жылы бұл елдердегі зейнетақы активтері ЖІӨ көлемінің өзінен асып кеткен. Дегенмен әлем тәжірибесінде сәтсіз реформалар да жоқ емес. Жеке қорлар жабылып, мемлекеттік қорға өткен тәжірибелер өте көп. Мәселен, әлгі компаниялар банкрот болып немесе қаражатты мақсатсыз жұмсап жіберуі мүмкін бе?
Айдын Дәулетбақ, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары:
Басқарушы компания банкрот болған жағдайда, бұл активтер оның мүліктік массасына қосылмайды. Яғни зейнетақы жинақтары басқарушының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін өтеуге бағытталмайды және толық көлемде салымшыда сақталады.
Егер инвесткомпаниялармен келісімшарт жасаған соң, оның кірісі көңіліңізден шықпаса, бас тартып, қаражатты қайтадан зейнетақы қорында сақтауға болады. Бірақ, ақшаны аудардың, мол қаражатқа кенелесің деген уәдеге нақты кепілдік жоқ. Сала мамандары таңдаған компанияны жіті зерттемесе, бұл нарықта табыстың құбылмалы екенін айтады.
Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:
Пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғанымен, оның қауіпті жағы да болуы мүмкін. Бірде сол мөлшерлемені беруі мүмкін, бірде бермей қалуы мүмкін. Бұл – нарық қой, сондықтан біз нақты айта алмаймыз. Бірде алтынның бағасы өсіп кетуі мүмкін, бірде құрылыс компанияларының бағасы өсуі мүмкін. Бірде акция, облигация өсуі мүмкін. Сондықтан нарық әр кезде әртүрлі, ойнамалы болады.
Алтынай Қозиева, Зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясының өкілі:
Олар сізге қайда салатынын, қандай стратегия қолданатынын айтпайды. Олар: «Міне, біздің сандарымызды қараңыз. Соңғы жылдары осынша салдық, осынша көрдік», – дейді. Ол – олардың көрген пайдасы. Ал олардың сол салымшыларға қанша пайыз пайда беретініне қандай кепілдік бар?
Мамандар ең әуелі компанияның лицензиясы мен инвестициялық стратегиясына назар аудару керек деп отыр. Соңғы бірнеше жылда қанша табыс тапты, қандай тәуекелдерге барды? Негізі «кім көп ақша береді» деп емес, «ақшамды қайда салады?» деген сұраққа көп алаңдау керек дейді. Мысалы, акцияға ма, облигацияға, шетелдік активтерге ме?! Сонымен қатар қаражатты бір емес бірнеше инвесткомпанияға бөліп салуға кеңес береді. Тағы бір ерекше тоқталған мәселе: бұл өзгеріс әсіресе қазір жұмыс істеп жүргендерге тиімді дейді, - сарапшылар. Себебі, зейнетке шыққанға дейін талай тәуекелді көреді. Табысын арттырады дегендей. Ал зейнетке шығуға аз уақыты қалғандарға тұрақтылық маңызды. Сондықтан қаражаты БЖЗҚ қала бергені дұрыс.
Алтынай Қозиева, Зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясының өкілі:
Мемлекет бақылауды күшейтуі керек. Сенімгерлік басқаруға өткен қаражатты мемлекет қалай және қайда пайдаланып жатқанын бақылауы тиіс. Оны тек салықтар төленді ме деп тексермей, нені сатып алып, қай мемлекеттің акцияларына, қай нарыққа, қандай бизнеске салып жатқанын тексеріп отыруы керек. Себебі олар ертең подставной компанияға өткізіп алып, «құлап қалды» деп өздерінен жауапкершілікті алып тастауы мүмкін. Сондай болмас үшін қаражаттардың қайда кететінін мұқият бақылап отыруы тиіс.
Сондай-ақ мамандар бұл өзгерісті алаяқтар өз мүддесіне пайдалануы мүмкін екенін ескертіп отыр. Мысалы, екі жыл бұрын сенімді басқарушы компанияға өткізіңіз, зейнетақыңызды шығарып береміз деп салымшылардың ақшасын үптеп кеткен. Сондықтан шешім қабылдаудан бұрын кәсіби қаржы мамандарына жүгінген жөн.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы