17 мыңға жуық медициналық мекеменің тек 3 процентінде ғана қалдықтарды жоятын арнайы қондырғы бар. Қолданылған препараттардың утилизациясымен айналысатын кәсіпкерлерге бақылау күшеймек?
Медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатын кәсіпорындарға мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Мәжіліс депутаттары осылай деп дабыл қағуда. Себебі қолданылған ине, дәрі-дәрмектің құтылары мен басқа да медициналық заттардың далада шашылып жатуы үйреншікті көрініске айналып барады. Заң бойынша, мұндай қалдықтар арнайы пеште өртелуі тиіс. Құжатта солай жазылғанымен, іс жүзінде жағдай басқаша болып тұр.
Шприцтардың далада шашылып жатқанына тұрғындар жиі куә болады. Ал заң бойынша, медициналық мекемелердің қалдықтары арнайы орында зарарсыздандырылып, жойылуы тиіс.
Бірақ осы шаруға жауапты мекемелердің де жұмысында олқылық көп. Мысалы, Атыраудағы жеке компания мұндай қалдықтарды ашық аспан астында өртеген.
Сырым Тілегенов, Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:
Контейнерлік тәріздес ыдысқа салып жағу дұрыс емес, заңға қайшы келеді. Заң бойынша утильдік пешті оны газбен болмаса, дизель отынымен астынан от үлкен температурада жағып, қалдықты өзінің тәртібіне сәйкес, аз-аз мөлшерде салып толық жанып кетуін қадағалау керек.
Қазақстанда медициналық қалдықтарды жоятын 122 кәсіпорынның 13-де ғана лицензия бар. Ал қалғандары қалай жұмыс істеп жатқанын соңғы 2 жылдан бері ешкім білмейді. Себебі шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мараторий жарияланған. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері қауіпті қалдықтардың көлемі еселеп артты. Оларды жою мәселесін қатаң бақылауға алу керек, - дейді Мәжіліс депутаттары.
Дүйсенбай Тұрғанов. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатын кәсіпорындардың қызметіне бақылауды күшейту керек. Мұндай мекемелер ерекше тәртіппен бақыланатын нысандар қатарында болу керек деп санаймыз. Утилизация қызметін ұсынатын кәсіпорындарда қандай қондырғылар болу керектігін нақты айқындап, стандарттар бекітілуі тиіс.
Еліміздегі 17 мыңға жуық медициналық мекеменің 3 процентінде ғана қалдықтарды жоятын қондырғы бар. Қалғаны утилизациямен айналысатын ұйымдармен келісімшарт жасайды. Проблеманың түп төркіні осы тендерден басталады. Яғни, мемлекеттік ауруханалардың тендерін ең төмен баға ұсынған компания ұтып алады. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі біліктілік санатын белгілеп, заңнамалық өзгерістер жасамақ.
Жасұлан Қойшыбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
Лицензия алу үшін қанша жұмыскер болуы керек, олардың білім дәрежесі қандай болуы керек, қандай қондырғылар болу керек? Сонымен қатар, нысанның санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы талаптардың қандай баптарына сәйкес болуы туралы біліктілік талаптары деген қойылатын талаптардан бөлек талаптар.
Былтыр елімізде 7843 медициналық ұйым тексерілген. Қалдықтарды жинау және сақтау тәртібін 900-ден астам мекеме бұзғаны анықталған. Бұл үшін жеке және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 73 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Берік Көшербай