Брюссельде Украинадағы жағдайға қатысты 3 саммит өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Украинадағы жағдайға қатысты 3 саммит өтті

25.03.2022

Украинада қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Батыс барлаушыларының мәліметінше, Украина армиясының негізгі бағыттар бойынша қорғанысты ұстап тұруға және қарсы шабуыл жасауға күші жеткілікті. Әскер Ресей күштерін Киевтің орталығынан 55 шақырымға ысырып, оларды қоршауға алуға жақын. Ал бұған дейін Украина әскери-теңіз күштері Бердянск портында Ресейге тиесілі десанттық кемені жойып жібергенін мәлімдеді.

Брюссельде Украинадағы әскери шиеленіске қатысты үш саммит өтті

Ал Брюссельде Украинадағы әскери жанжалға қатысты үш саммит өтті. НАТО лидерлері әскери одақ мүшелерінің ынтымағы бұрын-соңды болмаған деңгейге артқанын мәлімдеді. Бұған қоса, альянс Словакия, Болгария, Венгрия мен Румынияға қосымша 4 әскери топты аттандыруға келісті. Сонымен бірге НАТО көшбасшылары Ресей химиялық немесе биологиялық қару қолданатын болса, бұған қарсы жауап беретіндерін мәлімдеді. Батыс елдері Киевке әскери және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруға уағдаласты.

АҚШ президенті Джо Байден Ресейді «Үлкен жиырмалық» құрамынан шығару туралы ұсыныс жасады. Ал бұл ұсыныс қабылданбаса, Украинаны «G20» саммиттеріне қатыстыру керек деп мәлімдеді.

ЕуроОдақ саммитінде Украинадағы дағдарыс, киберқауіпсіздік, соғыстан қираған мемлекетке қаржылай көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Сонымен бірге, Ресейге қарсы санкцияларды күшейту, Ресейдің газы мен мұнайына тәуелділіктен арылу жайы да сөз болды. Саммитте Украинамен ынтымақтастық қорын құру мақұлданып, оның жұмысына атсалысуға халықаралық серіктестер шақырылды. Жақында аталған қорға қаражат жинау үшін халықаралық донорлар конференциясы өтпек.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу