Мереке күндері елімізде 800-ден аса адам қар құрсауынан құтқарылды. Ауа райына байланысты кеше 11 өңірде ескерту жарияланған. Бүгінде солтүстік пен шығыстағы бес аймақта жолдар жабық. Синоптиктер суық ауа райы әлі үш күн сақталады деп болжам жасап отыр.
Өткен тәулікте 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан қозғалыс қиындады. Қосшы-Нұр-Сұлтан бағытында кетіп бара жатқан жолаушылар көлігімен 11 жеңіл көлік соқтығысып, күре жол бойында кептеліс пайда болды.
Екі ірі жол апаты болды
Ақмола облысында 2 ірі жол апаты болды. Нұр-Сұлтан - Бурабай тас жолында Бозайғыр ауылы маңында 16 көлік соғылған. 21 наурызда боранға байланысты бірнеше жол апаты болып, 3 адам көз жұмды. Оның екеуі 2019 және 2020 жылы туған балалар. 20 шақты адам түрлі дене жарақаттарын алды.
91 адам қар құрсауынан құтқарылды
Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Әулиекөл, Аманкелді аудандарының аумағында жолда қалған 52 адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Медициналық көмекке жүгінгендер жоқ, бәрі дін-аман. Қарқаралы ауданында 4 адам құтқарылса, Ақтоғай ауданында қардан 16 жеңіл автокөлік шығарылды.
Бүгін таңертең сағат «Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті» автожолының 16-шы және 200-ші шақырым аралығы мен Павлодар бағытындағы тасжол жабылды. Аталған аймақта көлік апатынан кеше 2 адам көз жұмды. Новоямышево ауылының тұсында жүргізуші 25 жастағы жігітті қағып кеткен. Павлодар-Ленин кенті жолында жүргізуші қарлы боран салдарынан тізгінге ие бола алмай, жол шетіндегі жақтау темірге соғылған. Жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
4 адам зардап шекті
Сондай-ақ, Талдықорған-Текелі тас жолының 31-шақырымында екі көлік соқтығысты. Жүргізуші темір тұлпарына ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. 4 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. «Қазавтожол» компаниясы өкілдерінің мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдарды қардан тазартуға 600 арнайы көлік тартылған.
5 өңірде жолдар жабық
Ләззат Стамғазиева, «Қазавтожол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:
19-23 наурыз аралығында республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс 86 рет шектелді. Қазір 5 өңірде, яғни Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысында жолдар жабық. «Қазавтожол» қызметкерлері жолдағы жағдайды тәулік бойы бақылауда.
Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штаб құрып, құтқару жұмыстарын шұғыл жүзеге асыруда. Қар құрсауында қалған 500-ге жуық адам жылыту пунктерінде жеткізілді.Үсік шалғандар жоқ.
831 адам құтқарылды
Әсет Жылқайдаров, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің басқарма басшысы:
Құтқару бөлімшелері 831 адамды құтқарды және эвакуацияланды. Оның ішінде 128-і бала. Қазіргі уақытта автожолдардың 16 участогы жабық. Оның ішінде республикалық алты, облыстық он.
Министрлік өкілдері ауа райы нашарлаған жағдайда жолға шықпауға кеңес береді. Ал синоптиктер аяз бен боран әлі үш күн бойы сақталуы мүмкін деп отыр. Бүгін елдің солтүстік, шығыс өңірлерінде қар жауады, бұрқасын болады. Батыста ғана жауын-шашын болмайды.
Дарын Сағитов