Еліміз бойынша өткен тәулікте 124 жол-көлік оқиғасы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміз бойынша өткен тәулікте 124 жол-көлік оқиғасы болды

24.03.2022

Мереке күндері елімізде жүзден аса адам қар құрсауынан құтқарылды. Ауа райына байланысты кеше 11 өңірде ескерту жарияланған. Бүгінде солтүстік пен шығыстағы бес аймақта жолдар жабық. Еліміз бойынша өткен тәулікте 124 жол-көлік оқиғасы болды. Синоптиктер суық ауа райы әлі үш күн сақталады деп болжам жасап отыр.

Кеше бас қалада көлік апатының салдарынан, қозғалыс қиындай түсті. Қосшы-Нұр-Сұлтан бағытында кетіп бара жатқан жолаушылар көлігімен 11 жеңіл көлік соқтығысып, күре жол бойында кептеліс пайда болды.

Ақмола облысында екі ірі жол апаты болды. Нұр-Сұлтан-Бурабай тас жолында Бозайғыр ауылы маңында 16 көлік соғылған. 21-інші наурызда боранға байланысты бірнеше жол апаты болып, 3 адам көз жұмды. Оның екеуі 2019 және 2020 жылы туған балалар. 20 шақты адам түрлі дене жарақаттарын алды.

Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Әулиекөл, Аманкелді аудандарының аумағында жолда қалған 52 адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Медициналық көмекке жүгінгендер жоқ, бәрі дін-аман. Қарқаралы ауданында 4 адам құтқарылса, Ақтоғай ауданында қардан 16 жеңіл автокөлік шығарылды. Ал Амангелді ауданында 4 жеңіл көлік сүйреп шығарылды. Автокөліктерде 19 адам, оның ішінде 2 бала болған.

Жалпы мереке күндері елімізде жүзден аса адам қар құрсауынан құтқарылды. Оның 16-сы бала. Құтқарушылар елордадағы айналма жолда қалған 7 адам мен екі 2 баланы қалаға жеткізді.

Бүгін таңертең сағат 10-нан «Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті» автожолының 16-шы және 200-ші шақырым аралығы мен Павлодар бағытындағы тасжол жабылды. Қазгидромед мамандары суық ауа райы алдағы үш күн бойы сақталуы мүмкін деп отыр. Бүгін елдің солтүстік, шығыс өңірлерінде қар жауады, бұрқасын болады. Батыста ғана жауын-шашын болмайды. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға елдімекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу