Қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілер негізінен мемлекеттік нысандарға шабуыл жасады. 8 облыста әкімдік, полиция бөлімшелері секілді 42 мемлекеттік ғимарат бүлінді. Шығын 30 миллиард теңге. Қаржының басым бөлігі жергілікті әкімдіктерден бөлініп, қазір барлығы қалпына келтіріліп жатыр.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Барлық нысанға техникалық байқау жүргізілді. Нәтижесінде 28 ағымдағы жөндеу, сондай-ақ, 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта құру қажеттілігі анықталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, қалған 2 нысанға ағымдағы жылдың мамыр және маусым айларында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қираған нысандар қалпына келтіріліп, шығын өтеліп жатыр
Негізгі конструкциясы сау, жөндеуге келетін ғимараттардың 21-і қалпына келтірілді. Ал Алматы әкімдігінде жұмыс қазанның соңына дейін жалғасса, Президент резиденциясы сүрілетіні белгілі. Оның орынына үлкен саябақ салынбақ.
Лаңшылар мен бұзақылар бизнес субъектілерін де аяған жоқ. 1600-ден астам дүкен, банк секілді түрлі нысандар бүлінді, тоналды. Шығын 38 миллиард теңгеден асады деді Скляр. Қазір зардап шеккен кәсіпкерлердің мыңнан астам өтініші мақұлданып, бес жарым миллиард теңге өтемақы төленді.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Өтемақы жергілікті атқарушы органның жанындағы өңірлік комиссиялармен келтірілген залал сомасы құжаттық расталғаннан кейін жүзеге асырылады. Бұл ретте жеңілдетілген тәртіпте фискалдық деректерге сүйене отырып, кәсіпкерлер 10 млн теңгеге дейін ала алады. Төлемдер Үкімет резервінен, сондай-ақ, жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Роман Скляр: Тәртіпсіздіктерден зардап шеккен барлық кәсіпкер өтемақы алады
Десе де депутаттар ірі бизнеске өтемақы төлеудің кешеуілдеп жатқанына алаңдаулы. Мәселен, қазір мыңнан астам өтініш мақұлданғанымен, 438-і бойынша бағалау процедуралары жүріп жатыр.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Шығын көлемі 38 мрд теңге дедік. Бірақ шағын кәсіп иелеріне ғана бес жарым миллиард теңге өтемақы төленген. Ал ірі бизнес субъектілеріне төлем жүргізілмеді. Меніңше, бұл жұмысты тездету керек. Өйткені ірі бизнес үлкен ұжым. Онда қаншама адам еңбек етеді.
Ұлттық экономика министрі де бұдан хабардар. Бірақ ірі бизнеске өтемақы төлеу үшін уақыт қажет.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Шамамен 606 ірі бизнес өкілі 40 миллиард теңге көлемінде өтемақы алуға өтініш берді. Олардың әрқайсысын жеке-жеке қараймыз. Жұмыс жүріп жатыр. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін төленеді.
Кәсіпкерлерге шығынды өтеуден бөлек көмек көп. Мәселен, мемлекеттік мүлікті жалға алу төлемінен босатылды, несие төлемдерін кейінге қалдырылды. Ал салықтар мен алымдарды төлеу мерзімдері шегеріліп, мемлекеттік кірістер органдары бастаған салық және кедендік тексерулер уақытша тоқтатылды. Әрі камералдық тексерулерге хабарламалар уақытша берілмейді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сондай-ақ, Парламентте мемлекеттік қана емес, жеке меншік орындарды жалдаған кәсіпкерлерді де төлемнен босату бастамасы көтерілді. Яғни оларға субсидия төлеу ұсынылды. Жауаты министрлік бұл мәселені қарастыруға уәде берді. Өйткені шағын және орта бизнесті дамыту Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Досжан Маратұлы