Украина мен Ресей министрлері ортақ мәмілеге келе алмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина мен Ресей министрлері ортақ мәмілеге келе алмады

10.03.2022

Түркияның Анталия қаласында кездескен Украина мен Ресей Сыртқы істері министрлері ортақ мәмілеге келе алмады. Сондықтан, тағы кездесуге уағдаласты. Ресей Сыртқы істер министрі келесі келіссөздер Қазақстанда да өтуі мүмкін екенін айтты. Ал бір жарым сағатқа созылған бүгінгі жиын айтарлықтай нәтиже бермегенін қос тарап та мойындады.

Басқосуға мұрындық болған Түркия Сыртқы істер министрінің айтуынша екі ел арасында қақтығыстар басталғалы бірінші рет жоғары деңгейде осындай жиын өткізудің өзі жетістік. Сондай-ақ тым шиеленісіп кеткен жағдайды бір кездесумен шешу мүмкін емес деді тараптар. Украина жағы қоршаудағы қалалардан күн сайын гуманитарлық дәліз ашу мәселесін көтерді. Ресей жағы бұл мәселені тиісті лауазымды тұлғалармен ақылдаса отырып шешетіндерін мәлімдеді. Бұдан бөлек министрлер Беларусь елінде бұған дейін өткен үш кездесуді әрі қарай да жалғастыруға келісті.
Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі: 
Біз бүгін Президент Путиннің Украина Президенті Зеленскиймен кездесуден бас тартпайтынын нақтыладық. Ерте ме, кеш пе мұндай кездесу болады. Алайда ол үшін Беларусьта өтіп жатқан келіссөздер арқылы нақты дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Әзірге үш кездесу өтті. Біз Украина тарапына нақты ұсыныстарымызды айттық. Енді нақты жауап күтеміз.
Дмитро Кулеба, Украинаның Сыртқы істер министрі: 
Мен бүгінгі жиынға Сыртқы істер министрі лауазымымды пайдалана отырып, нақты қадамдар жасауға келдім. Алайда қарсы тарап тек мәселелерді тыңдау мақсатында келіпті. Лавров тек өзінің Украина туралы пікірлерімен бөлісті. Ал қиын жағы қоршаудағы қалаларда нағыз трагедия болып жатыр. Мен осы трагедияны дипломатиялық жолдармен шешу үшін барымды салдым.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу