Басты Жаңалықтар Кәрім Мәсімовке қатысты тағы бір бап бойынша іс қозғалды

Кәрім Мәсімовке қатысты тағы бір бап бойынша іс қозғалды

«Мемлекетке опасыздық жасады» және «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталған Кәрім Мәсімовке қатысты тағы бір бап бойынша іс қозғалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Мәсімов төраға болып тұрған кезде шетел өкілдерімен жасырын келісім бойынша 2 млн доллар пара алған деген күдік бар. Қазір тергеу жүруде. Бұл қаражат Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтарылды деп жазылған хабарламада. Сондай-ақ Мәсімов премьер-министр болып тұрған шақта иеленген құны 2,5 млрд теңге тұратын элиталық қонақ үй мен жер телімі де тәркіленіп, оның қандай жолмен келгені анықталуда.

Комитеттің хабарлауынша, қаңтарда Мәсімов ұсталғаннан кейін осы қонақ үйден 17 миллион 200 мың доллар мен бағалы заттар, 11 қымбат көлік тәркіленген. Ведомство «Мәсімовке тиесілі» деп атаған жылжымайтын мүліктер мен бағалы заттардың суретін де жариялады. Қазір Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне шығарған аса ірі мөлшердегі қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару жұмыстары жүріп жатыр.

Бөлісу