Соғысқа лағынет айтудан бөлік, біздің күніміз не болады? деген сауал қойып жатқандар бар. Мысалы, Kusto Group деген компанияның негізін қалаушылардың бірі Қанат Көпбаев ашық хат жазған. Ол біздің жүктердің 90 проценті Ресей арқылы жөнелтілетініне тоқталып, ірі кеме компаниялары Қазақстанның да жүктерін қабылдаудан бас тартып жатыр деген. Гамбург, Пириней, Роттердам сияқты транзитті порттар да Ресеймен қоса Қазақстанның да жүктерін қабылдамай қойған көрінеді. Себебі жүктерді сақтандыру мүмкін емес. Жағдай әрі қарай тіпті қиындай береді дей келе, билікті кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге шақырған. Айтпақшы Үкімет басшысы басқаратын Жедел штаб осы хат тараған күні кешкісін құрылды.
Теңгеден бастайық. Рубльмен қосам-жарланып құлдырады. Қазір бір доллар 500 теңгеден асып кетті. Осы күндері айырбастау пункттерінде сату 517,5 теңгеден, сатып алу 511,5 теңгеден. Өнеркәсібі жоқ дерлік, шикізатқа байланған мемлекетте азық-түлік, әсіресе тұтынатын тауарлардың бағасы әрине, қымбаттайды. Бұл өзінше талдайтын тақырып. Бірінші теңге неге рубльмен «жабысып» қалған, теңгенің құнсыздануының зардабы, осыған тоқталсақ. Мұнай бағасының өсуінен қосымша кіріс түседі деп жүрміз ғой. Алайда. Мысалы, Каспий құбыры консорциумы – КТК құбыры арқылы экспортталатын мұнай Новороссийск порты арқылы сатылады.
Оның алдында Hесей мұнай араластырылады. Міне, осы, сатып алушыларды үркітеді. Оңғар Алпысбайұлының сараптамасы.
Украинадағы соғыс пандемиядан кейін әлем есін енді жиып келе жатқанда күтпеген соққы болды. Тауар айналымы қысқарып жатыр, Ресей батыс елдеріне өнім шығара алмай қалды. Сәйкесінше әлем 145 млн тұтынушысы бар Ресей нарығынан да айырылды. Көрші елдің валютасы бір долларға шаққанда 77 ден 113 рубльге дейін бір-ақ құлады. Бұл теңгенің бағамына да тікелей әсер етті. Себебі:
Әлішер Өмірзақ, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:Қазақстанның негізгі сауда саттықтағы серіктестерінің бірі ол Ресей, Қытай және ондыққа АҚШ та кіреді. Және көрші мемлекеттер Өзбекстан Қырғызстан секілді. Ресейге келетін болсақ 2021 жылы екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 24 млрд АҚШ долларын құрады. 24 млрд доллардың 17 млрд-ы импорт Қазақстанға кіретін. Қалғаны Ресейге экспортталатын қазақстандық тауарлар болып табылады.
Қазір Ұлттық банк тұрақты түрде интервенция жасап жатыр. Алайда, теңгенің құнын мәжбүрлеп ұстап тұру бюджетке салмақ. Күніне 100 млн доллар шамасында жұмсалады. Сондықтан көп ұзамай теңге мен доллардың айырымы нарықтың реттеуіне қалдырылады.
Нұржан Нұрғазин, ҚҰБ монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары:Ұлттық банк төрағасының ресми мәлімдемесінде ұлттық банк валюталық айырбас саласында валюта бағамының еркін қалыптасу қағидатын ұстанады. Бұл ретте теңге бағамының ауытқу амплетудасы нарық қатысушыларының ағымдағы күтулері мен сондай-ақ әлемдік нарықтағы динамикаларға байланысты болуы мүмкін.
Енді бағынбай кеткен бағамның әсеріне тоқталайық. Біз дайын өнімдерді импорттаушы елміз. Өндіріс өте аз. Ал, сыртқы сауда доллармен жүреді.
Бауыржан Ысқақов, экономист:Бұл жерде негізгі шығынға ұшырайтын қарапайым халықтар ғой. Өйткені тұтынушылық тауарлар, оның тамағы, киімі бар, автокөліктің барлығы сырттан келгендіктен ол басқа валютамен келгендіктен теңгемен сатып алғанда қымбатқа түсуінің өзі қарапайым адамға осындай қиыншылықтар әкеліп жатыр.
Бизнес те біраз бөгеттерге тап болуы мүмкін. Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары бізді де айналып өтпесі анық. Қазір үкіметтің бастамасымен жедел штаб құрылған. Олар бұрын Ресей және Украина арқылы тасымалданған жүктерді өзге елдер арқылы өткізудің жолдарын нақтылап жатыр. Сондай-ақ, қазақ кәсіпкерлерінің өнімін қорғау мәселесі бар. Тұтынушы үшін пайдалы дегенмен, онсыз да аз отандық өнімді қорғамаса да болмайды.
Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы:Біздің болжамымыз бойынша осы 1-2 айдың ішінде көптеген Ресейдің тауарлары біздің Қазақстанның нарық полкасына түсе ма деп қорқыныш бар. Ресейдің тауары біздікімен салыстырғанда 20-30 пайыз төмен болса бұл тез арада біздің сауда-саттық дүкендерде біздің отандық тауарларды шектейтін болады. Сондықтан да бұл мәселеге Үкімет пен Атамекен бірге бірлесіп талқылап шешу керек деп санаймыз. Бұл басты, өзекті проблеманың бірі болып табылады.
Ресейлік федералды кеден қызметінің мәліметі бойынша 2021 жылы теріскейдегі көршіміз 493,3 млрд доллардың өнімін экспортқа шығарған. Оның 87 пайызы алыс шетелге, тек 13 пайызы ғана ТМДға тиесілі. Мамандардың мәліметінше Еуропа мен Америкадан қол үзген кәсіпкерлер жаңа нарық іздейді. Тіпті тауарларын Қазақстанның атынан сату жолдарын да қарастырулары бек мүмкін.
Ербосын Нұрмұхан, экономист:Ресейдің компаниялары осында келіп компания ашады. Әзірдің өзінде басталып кетті.
Ал, экономикалық зерттеу институты мамандарының пайымынша Ресей кәсіпкерлері біздің нарыққа еркін ене алмайды.
Ернар Серік, Ұлттық экономикалық зерттеу институты макроэкономикалық болжамдау орталығы директорының орынбасары:Бұған дейін Ресей Еуропаға өңделген тауарларды көп экспорттаған жоқ. Көбінесе, Ресейдің экспортын қарайтын болсақ Еуропаға жартылай өңделген немесе шикізаттар. Жартылай өңделген шикізаттар біздің нарықта да жеткілікті. Сондықтан бізге ол тауардың қажеті жоқ. Ал өңделген тауарлар бойынша Ресейдің Батыс Еуропаға экспорты 5-6 пайыз болады.
Енді теңге бағамының төмендеуінің тиімді тұстарына тоқталайық. 2022-24 жылдарға арналған бюджетте мұнайдың барелі 60 доллар шамасында болады деп бекітілген. Қазір қара алтынның құны 100 доллардан асып кетті. Оның үстіне доллардың бағамы өскендіктен түскен пайданы теңгеге айналдырсақ кіріс еселене түседі.
Бауыржан Ысқақов, экономист:Бюджеттің кіріс бөлігінің 70 пайызын экспортқа шығатын тауарлар қалыптастырады. Бюджетке өте үлкен табыс кірейін деп тұр. Мұнай, газ секторлары дейміз, тағы да басқа алтынымыз бар, күмісіміз бар, мыс, теміріміз бар осындай қазба байлықтарының барлығы да шетелге доллармен сатылғандықтан яғни одан түсетін трансферттар, яғни табыстың өзі бізге доллармен келеді. Яғни ол макро деңгейді мемлекеттің бюджетін қалыптастыруға тиімді әсерін тигізеді.
Ал, қарапайым халықтың қалтасына түсетін салмақты азайту үшін мемлекет өндіріске ерекше көңіл бөлуі тиіс. Әңгіме сол баяғы - азық-түлік пен киім кешек сияқты күнделікті тұтынатын тауарларды өзімізде шығарып, импортқа тәуелділіктен мейлінше азайту қажет. Тағы бір маңыздысы- әлемде болып жатқан әр жағдайды жақсылап талдап, тиімді пайдалануымыз керек дейді экономист.
Бауыржан Ысқақов, экономист:Екі мемлекеттік арасында болатын қандай да бір қақтығыстар үшінші мемлекетке үлкен мүмкіндіктер ашу керек. Бізге қазір үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр деп айтуға болады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:Қазір 60-тан астам әлемдік деңгейдегі компания Ресейдегі бизнесін тоқтатты. Оның ішінде, Toyota, BMW, Fort, Boeing; Airbus, Apple, Adidas, Nike сияқты түрлі саладағы алпауыттар жетерлік. Экономистердің пайымынша олар енді Орталық Азияға тауар жеткізетін жаңа нарық іздейді. Тиімді инвестициялық климат ұсынатын мемлекет қажет. Осы тәрізді мүмкіндіктерді біз жіберіп алмауымыз керек. Бұл дегеніміз бюджетке қосымша салық, қолжетімді тауар, ең бастысы, жүз мыңдаған жаңа жұмыс орны.
Оңғар Алпысбайұлы