Ақтөбе облысында жел электр станциясы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жел электр станциясы іске қосылды

04.03.2022

Ақтөбе облысында елімізде баламасы жоқ жел электр станциясы іске қосылды. Ерекшелігі - мұнда Қазақстандағы ең үлкен турбиналар орналастырылған. Жобаға италиялық инвесторлар тартылды. Құны 36 миллиард теңге. Бұл жел генераторлары 40 мыңға жуық үйді тұрақты түрде электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Қарғалы ауданындағы бұл жобаның құрылысы 3 жыл бұрын басталған. 200-ден астам адам жұмыс істеді. Қажетті қондырғылар Еуропадан Ақтау арқылы жеткізілді. Жобаның екінші кезеңін іске асыру кезінде қуаттылығы жоғары 10 турбина орнатылған. Италиялық компания бұған дейін Еуропаның бірқатар елдерінде 2300 МВттық жобаларды іске асырған.
Марко Альберти, Қазақстандағы Италияның төтенше және өкілетті елшісі: 
Бұл итальялық компанияның Қазақстандағы жел энергетикасы секторындағы ірі жобасы. «Бадамша-2» жел электр станциясының құрылысы 2021 жылдың қыркүйегінде басталды. Оның қуаттылығы 2020 жылдың басында пайдалануға берілген және қазіргі уақытта толық жұмыс істеп тұрған «Бадамша-1» жел электр станциясына тең, яғни – 48 мегаватты құрайды.
Мұндағы әр турбинаның биіктігі - 101 метр. Жел турбогенераторлары жылына 200 гигаватт сағатқа дейін электр қуатын өндіреді. Демек, шамамен 37 мың үй баламалы энергия көзін пайдалана алады. Ең бастысы, жаңа жоба өңірдің экономикалық әлеуетіне оң әсер етеді. Сондай-ақ жергілікті білікті мамандарды даярлауға да мүмкіндік берді.
Мамырхан Қасымов, жоба жетекшісі: 
Соңғы үш жылда жақсы компетенцияларды жинадық. Инженерлеріміз мықты өсіп, басқа үлкен жобаларға қатысып жатырмыз. Жобаның басты мақсаты – біздің Қазақстанның энергиясын жасылдату, болашақта, стратегия бар, 2050-ге дейін Қазақстанның 50 пайыз энергиясын жасыл энергиямен шығару.
Жақсыбек Кемал, тілші: 
Мамандардың айтуынша, алдағы 20 жылда елімізде өндірілетін электр энергиясының 15 пайызы баламалы қуат көздерінен алынуы тиіс. Ал, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көлемі 173 мың тоннаға дейін азаяды. Яғни, бұл Ақтөбе секілді ауасы лас өңірлер үшін аса маңызды жоба. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу