Сенат әскерилердің баспана мәселесін шешуге арналған құжатқа түзету енгізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат әскерилердің баспана мәселесін шешуге арналған құжатқа түзету енгізді

03.03.2022

Сенатта әскери және күштік орган қызметкерлерінің әлеуметтік, құқықтық және материалдық тұрғыда қорғалуы туралы заң қаралды. Құжатқа бірқатар түзету енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Бірақ, осы салаға өмірін арнаған, қапияда қаза тапқан азаматтардың үй алу құқығы туысқандарына өтеді. Яғни, отбасы мүшелері баспаналы болуына немесе жекешелендіруіне мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ 10 жыл еңбек өтілі бар және мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар тұрғын үйді қаржы жұмсамай өз атына өткізе алады. Ал, мертігу, я ауру салдарынан қызметтен босатылса үйден бас тартып, бір жолғы өтемақы алуы да қаралған. Бұдан бөлек әскерилер мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің ар-ұжданына қатысты да норма енгізілген. Масаң күйде, я болмаса есірткі қолданып қоғамдық орындарда көзге түссе абыройына нұқсан келтіргені үшін мемлекеттен сауықтыруға берілетін қаржыны қайтаруға міндетті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Әскери қызметшілердің және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұмыстары аса жауапты екені белгілі. Сол себепті оларды және олардың отбасы мүшелерін құқықтық, материалдық және әлеуметтік қорғау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан қаралған заң жобасы әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары саласындағы құқықтарын қосымша реттеуді көздейді. Сондай-ақ әскери және арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері де қамтылған.


Хабарламаларға жазылу