Қостанай облысында сүт өндіру тиімсіз болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында сүт өндіру тиімсіз болып тұр

02.03.2022

Қостанай облысында ауыл тұрғындары «сүтті қабылдау бағасы тым төмен» деп отыр. Соның кесірінен қытымыр қысы алты айға созылатын өңірде сиырды бағуға кеткен шығын ақталмайды. Бұлай жалғаса берсе мал ұстаудың өзі тиімсіз болатын түрі бар. Ал ауылда басқа кәсіппен айналысуға мүмкіндік аз. Дәуренбек Әбдібек жалғастырады.

Қарабалық ауданының Бөрілі ауылындағы сүт қабылдау пункті. Бұл жерде таң қылаң бере күнара осындай қарбалас. Жақын маңдағы алты ауылдың тұрғыны сауған сүтін осында әкеп тапсырады. Солардың бірі Ажар Даирова. Оның сегіз сиырының төртеуі төлдеген. Жыл он екі ай тынымсыз мал соңында жүріп, ағарғанын сатып күнелтеді. Алайда тапқанымыз бейнетімізге татымайды дейді.
Ажар Дайырова,  Бөрілі ауылының тұрғыны: 
110 тенгеден тапсырдық 3-4 жыл, қазір 10 теңгеге көтеріп, сол 120-ға тапсырып жатырмыз. Ол да аз. Кемі 150 болу керек. 150-180 солай. Ақтамайды. Шөптің бағасы 10 мың болды бір рулон 10 мыңнан алдық.
Сүттің құнына Ажар айтып отырған 10 теңге тек ақпан айында қосылыпты. Бұл жердегі өнімді қабылдап алушылар бағаның қалай қалыптасатынынан хабарсыз.
Людмила Петрова, сүт қабылдаушы:
Бағаны сүт өңдейтін зауыт тағайындайды. Одан асыра алмаймыз. Біз жол шығынымызды өтеу үшін әр литрінен 7 теңге ғана аламыз.
 Сүт зауыты басшыларына да қоңырау шалдық. Алайда көпшілікті мазалаған сауалға жауап алу мүмкін болмады. Ал ауылдағы мал баққан жұрт қазір бір сиырға кететін жылдық шығын шамамен 150 мың теңгеге жуықтайды дейді.
Нұрлыжан Ақымбеков, Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары: 
Бұл бағамен әрине қазір түсінеміз. Қазіргі кезде 120 тенге литріне аздау. Бірақ дегенменде бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Сүт өндіретін кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Қала дүкендерінде сүттің литрі 310-350 тенге аралығында. Яғни сауылғаннан сөреге түскенге дейінгі өсім шамамен үш есе көп. Баққан бейнеті мен кеткен шығыны өтелмейтіндіктен ауыл тұрғындарының бірпарасы сиырларын сатуға бел буып отыр.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу