«La Scala» театры - Астанада (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«La Scala» театры - Астанада (толығырақ)

30.06.2014
«La Scala» театры - Астанада (толығырақ)

Қазақстанда алғаш рет  Италияның аты аңызға айналған «La Scala» театры өнер көрсетеді. Бүгін  әйгілі балеттік труппа «Астана Опера» театрының сахнасында  «Дон Кихот» балетін қойып жатыр.

Индира Бегайдар, тілші:

«La Scala» - Италиядағы атақты опера театры. 1776-1778 жылдары Милан қаласында шіркеудің орнына салынған. XIX ғасырда «La Scala» - дүниежүзілік опера орталығының біріне айналып, театр әншілерінің шеберлігі әлемге танылды.

«Бұл театрдың біздің елде өнер көрсетуі - үлкен мәртебе», дейді мамандар. Рудольф Нуреевтің белгілі хореографиясындағы балетке миландық театрдың шығармашылық ұжымынан 100-ден астам адам қатысуда.

Оларға  бас балетмейстер Махар Вазиев жетекшілік етіп жатыр. Оның айтуынша әртістерге көркемдікті толыққанды жеткізу үшін орындау барысында еркіндік берілген.

«La Scala»-ның құрамында дүниежүзіне танымал Николетта Манни мен Карло ди Ланно сияқты көптеген солистер өнер көрсетіп жүр. 

Ал, музыкалық сүйемелдеуді «Астана Опера» театрының симфониялық оркестірі орындауда. Айта кетерлігі, балетті тамашалауға келген халықтың қарасы қалың.

Туынды Қазақ елінің астанасында ерекше ықыласқа бөленді. «Дон Кихот» қойылымын астаналықтар мен қала қонақтары маусымның 30-ы мен шілденің 4-і аралығында тамашалай алады.

 

Индира БЕГАЙДАР

                        

Хабарламаларға жазылу