Алғабас ауылының тұрғындары он жылдан бері тұзды су ішіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғабас ауылының тұрғындары он жылдан бері тұзды су ішіп келеді

23.02.2022

Алматы облысының Алғабас ауылында тұрғындарды алаңдатқан мәселе көп. Көксу ауданына қарасты елді-мекен халқы 10 жылдан бері тұзды су ішіп келеді. Ауыл іргесінде азын-аулақ малды жаятын жер қалмаған. Қоқыс полигоны да елдімекенге тым жақын орналасқан. Осындай мәселелерден мезі болған тұрғындар арнамызға шағымданды.

Ауыз су ауылға екі көзден жиналады. Таудан тартылған құбырдан тұзды су және төменнен қазылған ұңғымадан тұщы су шығып, үлкен резервуарға толтырылады. Су жүйесі үй-үйге жеткізілгенімен тұз құбырлар мен суағарларды шірітіп жіберген. Жұрт денсаулықтарына алаңдаулы.

Ерлан Мыңбаев, ауыл тұрғыны:
Осылай су ішіп жатқанымызға 10 жылдың төңірегі. Мынау қалай болды сондай су ішіп жатырмыз міне. Тұзды су денсаулыққа зиян емес пе?! Бүйрекке, бауырға. Талай адам ауырып жатыр мысалы, бүйрегімен, бауырымен.
Тұрғындардың азын-аулақ малы қысы-жазы қорада қаңтарулы. Әрі кетсе көшеге жайылады. Халық маңайдағы жайылым жерлердің таратылып кеткеніне ашулы. Өрісі тарылған төрт түлік байқаусызда біреудің жеріне өтіп кетсе бітпес дауға қаламыз деп налиды.

Арнұр Еркінбеков, ауыл тұрғыны:
Есімдерін атамай-ақ қоян. Бірақ төрт-бес латифундист бар. Бүкіл жерде олардың отгонда да, қыстауда да жерлері бар. Оның сыртында қосымша ауылдың жайылымына көшті.
Қордаланған мәселелерді тұрғындар ауыл әкімінің есебінде жайып салды. Әкімнің жұмысына қанағаттанбайтындарын да ашық айтты. Тұщы суға жарымаған жұрт ең әуелі тіршілік нәрін жеткізіп беруді сұрады.

Мәди Қарбаев, Көксу аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Тағы бір скважина қоятын болсақ көшіру нұсқасымен келетін су құбырын мүлдем тоқтатамыз.
Аудан басшылары жаңа су мұнарасының шығынын есептеп, облыстан биыл қаржы сұрамақ. Ал жайылым үшін қосымша жер берілетінін жеткізді.

Ержан Шалқыбеков, Көксу аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
5831 гектар қазіргі таңда бар. Биылғы жылы ауданымызға 10 ауылдық округтің шекарасын және мал жайылымын бекіту үшін қаражат бөлінген. Сол кезде бұл ауылға 1080 гектар қосымша жайылым болады.
Мәселе оң шешімін таппаса тұрғындар тексеру жүргізу үшін құзырлы органдарға шағымданбақ.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу